Бүгін облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында Павлодар облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ирина Сорокина Қарағанды облысындағы сібір жарасын алты жыл бұрын Ақсу қаласының Жолқұдық ауылында тіркелген дертпен салыстырды, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
«Биылғы жылы Қазақстанда 13 адам сібір жарасын жұқтырған. Оның екеуі Алматыда, үшеуі Шығыс Қазақстан облысында және сегізі Қарағанды облысында тіркелген. Екі жағдайда аурудың соңы өлімге әкеліп соқтырған. Жұғу көзі ауру малдар болып саналады. Айта кетерлігі, Павлодар облысында 1948-2008 жылдар аралығында жануарлар арасында сібір жарасының 120 оқиғасы тіркеліп, 65 адам ауырған. Соңғы рет мұндай жағдай 2010 жылы Ақсу қаласының ауылдық аймағында орын алып, жеті науқас адамның екеуі қайтыс болды», — деді Ирина Сорокина.
Маманның айтуынша, қауіптің алдын алу үшін аталмыш дерттен көз жұмған марқұмдар жерленген мазарлардың айналасында жабық қоршаулар орнатып, бекіту керек. Себебі жайылымда жүрген малдың бұл жерлерге кіруі жақсылыққа әкеліп соқтырмауы мүмкін. Бұған қоса, сібір жарасының таралуына санитарлық ағарту жұмыстарының төмендігі мен тұрғындардың малды белгіленбеген орындарда союы себеп болады.
«Апат айтып келмейді. Бүгінде тұрғындар арасында сібір жарасына қатысты қауырт жағдай орын алатын болса, ауруға қарсы төтеп беретіндей екпе сатып алынбаған. Қазіргі таңда осы мәселеге қатысты денсаулық сақтау басқармасына хат жолдап отырмыз. Сондай-ақ, ірі малдардың көзін жоятын жылжымалы инсинераторлар (малды жағатын пеш) жоқ екенін атап өткен жөн. Себебі ауру малды бөлшектемей, тұтастай жағу керек», — деді Ирина Сорокина.
Павлодар облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Әуталіповтың сөзіне сүйенсек, биыл өңірде құтырма дертіне қарсы малдарды егу кеш жүргізілген.
«Өңірде құтырмаға қарсы 185 мың мал басына немесе 65 пайызына екпе салынған. Жұмыстың кеш атқарылуы республикадан вакцинаның кеш түсуіне байланысты. Себебі медициналық препараттар 29-маусым күні ғана жеткізілді. Үстіміздегі жылы Успен және Шарбақты аудандарында ірі қара мал арасында құтырма дертінің екі оқиғасы анықталды», — деді Нұрлан Әуталіпов.
Ведомство басшылығының айтуынша, 2016 жылы алдын алу және ветеринариялық-санитариялық шараларға республикадан 581,80 млн теңге бөлініп, барлық жануарлар түріне 424 млн 290 мың мөлшерде вакцина сатып алынған. Сібір жарасына қатысты егу жұмыстары бірінші жарты жылдықта толық аяқталған. Облыста 322 мал қорымы бар. Оның 28-типтік және 294-і қарапайым үлгіде салынған. Типтік мал қорымдары қалалар мен аудандарда «Ветстанция» РМК-ның балансында тұр.
Бұл ретте, ветеринария басқармасының жұмысын сынға алған Болат Бақауов қазіргі таңдағы эпидемиологиялық жағдайдың қандай екенін еске салып, жұмыстың тиісті деңгейде атқарылмай отырғанын атап өтті.
«Дәрігер адамды ауруынан айықтырса, ветеринарлық дәрігер адамзатты емдейді» деген сөз бекерге айтылмаған. Екпе шараларын жүргізетін белгілі бір мерзім болуы тиіс емес пе? Қандай да бір ауру шығатын болса, бұл жағдайды конкурс кеш өткізілді деп сылтауға сала алмаймыз ғой. Бұл - жауапкершіліктің жоқтығының айғағы», — деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі ветеринария басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасына өңірге қанша инсинераторлар мен екпе сатып алу қажет екенін анықтауды және алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.