вторник, 22 октября 2024 г.
icon
481.68
icon
522.48
icon
5
Алматы:
icon
20oC
Астана:
icon
4oC
×

Павлодарлықтар Кәрім Мәсімовтен онкологиялық диспансердің құрылысына атсалысуды сұрады

Павлодарлықтар Кәрім Мәсімовтен онкологиялық диспансердің құрылысына атсалысуды сұрады, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Павлодар өңіріндегі маңызды мәселелердің бірін премьер-министрге облыс белсенділері мен ақсақалдары кездесу барысында айқындап берді.

Облыстық  қоғамдық кеңестің төрағасы Тито Сыздықовтың айтуынша,   қазіргі кезде облыстық онкологиялық диспансерде он мыңнан аса адам есепте тұр.

«Республика бойынша осы көрсеткішпен алдыңғы қатарлардың бірінде тұрмыз. Сондықтан 200 жатын орны бар диспансер мен 100 орындық емхананың құрылысына септігіңізді тигізсеңіз, алғыс білдірер едік. Кәрім Қажымқанұлының нағашы атасы Павлодар облысында жерленген. Анасы жағынан біздің жерлесіміз болып келеді. Сондықтан бұл ақсақалдар атынан аманат, барша облыс тұрғындары мен белсенділері атынан үлкен өтініш. Өз кезегінде премьер-министр сұрақты шешуге ықпал жасайтынын айтты. Менің ойымша, құны 7,5 миллиард теңгені құраған жоба алдағы уақытта іске асады», — деді Тито Сыздықов.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі күні онкологиялық диспансер 1961 жылы салынған бұрынғы жатақхананың ғимаратында орналасқан. Ғимарат тым кішкентай, аурухананың барлық қажеттілігін өтей алмай тұр. Сондықтан диспансерге жаңа корпус салу керек. Негізі, екінші Павлодар жақта №3 емхананың жанынан құрылысқа орын дайын тұр. Барлық құжаттар да реттеліп қойылған. Жаңа ғимараттың құрылысына 2015 жылдың бюджетінде 7,5 миллиард теңге қарастырылған. Өкінішке орай, бұл уақыт жаңа нысандардың құрылысына жарияланған мораториймен дәл келуіне байланысты әзірге  жұмыс  тоқтатылды.

Бұдан басқа, Премьер-Министр  Кәрім Мәсімов пен  ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өңірдегі жастар қозғалысының көшбасшыларымен  және жас кәсіпкерлермен кездесті. Жиын барысында студенттер  қымыздан балмұздақ жасалатыны туралы айтып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарында стартап-академия ашу туралы ұсыныс жасады.  Сонымен қатар, жыл сайын "Жасыл ел"  жасағының сарбаздарына республикадан төленетін қаржы мәселесі сөз болды. Тіпті, жастар желтоқсан айына дейін еңбекақыларын ала алмаған. 

«Мен бұл мәселеге қатысты Қаржы министрлігіне тапсырма беремін. Сондықтан мәселе шешімін табар», — деді Кәрім Мәсімов

Айта кетерлігі, ҚР Премьер-Министрі  Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы қоғамдық кеңестердің өкілдерімен кездесу өткізді.

«Әкімідіктер қоғамдық кеңестердің пікірлерін ескере отырып қана шешім қабылдаулары тиіс. Әсіресе, бұл халықтың тұрмыстық жағдайы мен ұлт мүддесіне қатысты мәселелер», — деді Кәрім Мәсімов.

Өз кезегінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Тито Сыздықов мәртебелі мейманға ерекше сыйлық тарту етті.

«Сіздің нағашы атаңыз Лебяжі ауданында туған. Темір жол саласының негізін қалауға үлес қосқан, өз ісіне өте ұқыпты маман болған. Сізге отбасылық мұрағат үшін Алматыдан арнайы алдырған фотоматериалды сыйға бергім келеді», — деді Тито Сыздықов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0