суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
2oC
Астана:
icon
-5oC
×

Шымкентте терроризмнің алдын алу шаралары өтіп жатыр

Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін еліміздің барлық өңірінде қауіпсіздік шаралары күшейтіле бастады, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Теологтар мен имам-молдалар, облыстық Дін істері жөніндегі басқарма мамандары дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткен тұрғындармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Осындай шаралардың бірі Шымкент қаласында да өтті. «Терроризмге қарсы күрес» тақырыбында өткен жиынға қала басшылары мен ішкі істер органдарының өкілдері қатысып, Шымкенттегі қауіпті нүктелер турасында баяндама жасалды.

Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Мұсабек Зұлпыхаровтың айтуынша,полицейлер адам көп шоғырланатын жерлерді жіті бақылауына алған. Өйткені, лаңкестердің көздейтіні де осындай қоғамдық орындар дейді ол. Сондықтан, қайғылы жағдайларды болдырмас үшін тәртіп сақшылары қарапайым тұрғындармен де, дәстүрлі емес діни ағым өкілдерімен де түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Қаланың бас полицейі жергілікті тұрғындардан қандай да бір лаңкестіктің күдігін байқаған жағдайда ішкі істер органдарына дереу хабар беруді сұрап отыр.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласы аумағында 701 қоғамдық-әлеуметтік нысан бар. Осы аумақтардағы тұрғындардың қауіпсіздік мәселесін тиісті құқық қорғау органдары өз қорғауына алған. Сонымен қатар, экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы арнайы бағдарлама шеңберінде осы орындарда терроризмге қарсы күрес жайлы бейне түсірілімдер көрсетіліп, түсіндірме мәтіндері ілінген.

Ал, Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғалар биыл маусым мен шілде айларында орын алған болатын. Алдымен 5 шілдеде бір топ содыр Ақтөбедегі қару сататын дүкендерді тонап, ұрлаған қару-жарақтарымен қаладағы әскери бөлімге шабуыл жасаған еді. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 20-дан астамы жараланды.

Ал, 18 шілде күні осыған ұқсас жағдай Алматыда да орын алған болатын. Ол кезде күдікті жалғыз әрекет еткен. Ол алдымен полиция бөліміне шабуыл жасап, артынша көшедегі адамдарға да оқ атқан. Салдарынан қаза тапқандар саны бүгінге дейін 8 адамға жетті. Олардың алтауы полицейлер болса, қалған екеуі бейбіт тұрғын.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0