Еліміздің әрбір азаматының қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды. Осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында курсқа келген қала, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлерімен «Халықаралық лаңкестік қауіпі» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Кездесуге Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директор міндетін атқарушы Бесбаев Мади Әбзелбекұлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында М.Бесбаев лаңкестік ұғымына тереңірек тоқталып, одан шығу жолдарын түсіндіріп өтті. Қазіргі кезде бүкіл әлемнің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани жағдайына ықпал етіп отырған діни экстремизм мен терроризм ХХІ ғ. ең өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Террорлық актілерге итермелейтін антогонизмдер және қайшылықтар өсе түсуде.
Қазіргі кезде діни фундементализм мен лаңкестік бір ғана аймаққа, бір ғана мемлекетке тән нәрсе болмай отыр. Әлемдік дәрежеде лаңкестікке апаратын діни экстремизм жалғаса түсуде. Түрлі топтар осыны пайдалану арқылы саяси-экономикалық мәселелерді шешуге тырысуда. Бұл ретте Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деп атап көрсетті: «Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп» 2001 ж. 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы болған террорлық акт жаңаша сипат алып, терроризммен күрестің бұрын тарихта болмаған халықаралық жаңа кезеңіне негіз болды. Лаңкестік әрекеттерді біздің еліміз бен халқының басым көпшілігі ұстанатын дәстүрлі ислам діні де қолдамайды».
«Халықаралық лаңкестікпен күрес ғаламдық проблемалардың санатында қалып отыр, оны шешу үшін дүниежүзілік қауымдастық ынтымақ пен бекемдік танытуы керек. Осы саладағы барлық әмбебап конвенцияларға қол қойған Қазақстан өңірлік антитеррорлық құрылымдардың аясында белсенді жұмыстар атқаруда. Біз Таяу Шығыс елдері мен өзге де әлемде болып жатқан лаңкестік әрекеттермен күресуге өз үлесімізді қосуымыз қажет», — деп атап өтті.
Сондай-ақ кездесу барысында курсқа қатысушы мемлекеттік қызметкерлер тақырып аясында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып отырды. Кездесу соңы ұсыныс-пікірлермен қорытыланды.