Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі, біздің шыққан биігіміз – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десем, артық айтқандық болмас.
Қазақ халқының ежелден ұстанатын діні-ислам. Тарихи деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыздың ислам дінін қабылдағанына шамамен 1200 жылдан аса уақыт өтті. Содан бері ислам діні қазақ жерінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, бүгінгі күнге дейін қазақтың бөлінбес еншісіндей болып келді.
Осы мақсатта бүгін қаламыздағы Арыс гуманитарлы техникалық колледжінің мәжіліс залында студенттерге Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің дінтанушы, теолог маманы Рысбеков Кенжебек Төребайұлының «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәріс барысында К.Рысбеков: «терроризм» ұғымына қатысты түрлі анықтамалар мен түсіндірмелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда, оның «зорлық‑зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге болады. Бұған негіздесек, терроризм «үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан‑лоққы мен зорлық‑зомбылық» дегенге саяды.
Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Бұл жерде, әрине, күнделікті ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Әйтсе де, жас өспірім балалар үшін ақпарат кұралдарының беретін мәліметі де жеткілікті емес. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде «дінтану» сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отырулары керек.
Жиынның мақсаты халық арасында дәстүрлі дінімізді таныту, ақпараттық түсіндірме арқылы діни ағымдар мен секталардан сақтандыру болып табылады.