Оңтүстік Қазақстан облысы Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ облыс аумағында түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін дін саласының мамандары Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық фармацевтикалық академияның студенттерімен кездесіп, еліміздегі діни экстремизм мен терроризмнің қаупі, оның алдын алу тақырыптарында әңгіме өрбітті. Бұл туралы аталған орталықтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Кездесуде ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Ж.Асхатұлы, Академияның фармация факультетінің деканы Н. Жұмабаев, «Дәуітұлы Шыңғысбай» мешітінің найб имамы Қарымбеков Ерғали, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары М.Тәжібаев қатысып сөз сөйледі.
Бүгінгі қазақ қоғамында өзекті мәселелердің бірі дін тақырыбы болғандықтан кездесуде қаралған басты тақырып – дін және қазіргі діни жат ағымдар, олардың шырмауына ілінбеу, олардан сақтану жолдары болды. Сондай-ақ, қоғамдық жерлерде құқық бұзушылық әрекеттеріне бой алдырмау секілді мәселелер айтылды.
Баяндамадан кейін аудитория дін мамандарын сұрақ астына алған. Олардың көпшілігі қазір қоғамда жиі ұшырасатын орамал тағу, хиджапқа орану, сақал қою, балақ кесу сынды сұрақтарға жауап алуғы тырысып жатты. Сондай-ақ, дәстүрлі емес діни ағымдардың сипаты, қоғамға қаупі жайында да сөз қозғалды.
Айта кетейік, биыл Ақтөбе мен Алматы қалаларында орын алған лаңкестік оқиғаларынан кейін еліміздің барлық аймағында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Дін мамандарынан құралған арнайы ақпараттық топтар шалғай ауылдардан бастап, аудан-қалалардың бәрін аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олардың қатарында мүфтият өкілдері, дін істері басқармасы мен ішкі саясат басқармасы қызметкерлері бар.