ОҚО дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ облыс аумағында оқушы-студенттермен, мемқызметкерлермен және қарапайым тұрғындармен кездесуін жалғастыруда. Мақсат – теріс діни ағымдардың алдын алу, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Дәл осындай жиындардың бірі күні кеше Шымкент қаласында өтті. ОҚО мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығына курсқа келген қала, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері дін маманымен кездесіп, «Қазақстандағы қазіргі діни жағдай» тақырыбында баяндама тыңдады. Аталған орталықтың «Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімі басшысы Ұ.Әлиакбарұлы тыңдаушыларға теріс діни ағымдардың зауалы туралы баяндап, сұрақтаға да жауап берді.
«Қазақстан діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие. Еліміз көне заманнан бері сан-алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Қазіргі Қазақстанның аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиандық (оның әсіресе нестериондық және яковиттік тармақтары) және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүрген, яғни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі болған. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқанындай: «...бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат». Бұл – рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл – Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс», - деді Ұ.Әлиакпарұлы.
Сондай-ақ кездесу барысында курсқа қатысушы мемлекеттік қызметкерлер тақырып аясында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып отырды. Кездесу соңы ұсыныс-пікірлермен қорытыланды.