«Жаңаөзенге - Жаңа серпін» бағдарламасы аясында мамандарға төрт күннің ішінде 200 адам келіп, көмекке жүгінген, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Сол адамдардың арасында кәсіптерін бастап жүргізе алмаған, жобаларын жүзеге асырудың ретін таппай жүргендер де бар. Енді бірі- қаржы көзін таппай жүр. Олардың басым бөлігі жастар. Еңбек етемін деушілерге қолдау бар. Оған Жаңаөзендегі жаңа бағдарлама нәтежиесі дәлел.
4 күннің ішінде жиырмаға жуық маман жаңаөзендік кәсіпкерлер мен өз ісін енді бастаймын деген 200 адамды қабылдаған. Олар көмекке жүгінген тұлғалардың мәселелерін сол жерде шешуге ықпалдасқан.
Орталыққа келгендердің сауалдары әр түрлі болды. Олардың ішінде атамекендіктер 30 жұмыс жоспарын дайындауды мойындарына алған. Кеңесшілердің қатарында 3 қаржы институтының қызметкерлері және қала әкімдігінің бөлімдерінен жауаптылар бар. Салық саласының, заңгерлік қызметтер де тегін ұсынылып отыр.
«Көбінесе жер, несие, бизнес жоспар дайындай алмай жүрген сынды мәселелермен, сонымен қатар түрлі әкімшілік кедергілерге кездесіп жатқандар бар. Солардың барлығына жетелеу жұмысын жасап, қазір 200-ге жуық адамның 20-ға жуығы оң шешімін тапты деп нақты айтуға болады», — деді ҚР «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Дінмұхамед Әбсаттаров.
Бағдарлама аясында 24 қазаннан бастап «Бастау» бизнес мектебі жұмыс жасайды. Онда кәсіпкерлік ашу бойынша халықаралық дәрежедегі оқытушылар дәріс оқиды. Сондай-ақ, 15 млн теңгеге дейін шағын несие береді. Ал бұл оқуға бүгінге дейін 40-ға жуық тұрғын жазылған. Саны шектеусіз, мүмкіндігінше көп адам қабылдау жоспарланып отыр,- дейді ұйымдастырушылар.