Кешегі қараша айының соңында Шымкентте «Шымкент – Антитеррор - 2016» ауқымды оқу-жаттығу жиыны өткені белгілі. Айтулы шараға күштік құрылым өкілдері қатысып, лаңкестік жайт бола қалған жағдайда қолданатын әрекеттерін пысықтады. Сондай-ақ, осы шара аясында облыстағы мектептерде теолог-мамандар мен ішкі істер органдарының өкілдері оқушылармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мұндай оқу-жаттығу жиындарының өтуі – елімізде әлі де болса діни радикализм қаупінің сақталып тұруын көрсетеді. Мұны отандық теолог мамандар да растап отыр. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Құдайберді Бағашаров E-islam порталының тілшісіне берген сұхбатында «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) атанып кеткен лаңкестік топтың бүкіл адамзат баласына қауіп төндіріп тұрғанын айтады.
«Қазіргі мұсылман елдерге қарасақ, Ауғанстанда әл-Каида, Ирак пен Сирияда ДАИШ, Сомалиде әш–Шәбаб, Нигерияда Боко Харам, Түркияда Күрдтерден құралған террорлық ұйымдар секілді бірқатар атышулы лаңкестік топтар барын көреміз. ДАИШ – осылардың арасында жауыздығы асқынып тұрған, ең белсенді лаңкестік топ. Жалпы көздеген мақсаты – аты да айтып тұрғандай, Ислам мемлекетін құру, халифаттық басқару жүйесін орнату. Халифат дегеннен шығады, анығында, қарамағындағы халық негізгі құқықтар мен бостандықтарға, таңдау құқына ие және басқа да қабылданатын шешімдерге қатыса алатын болса, діни сенім еркіндігі қамтамасыз етіліп, мемлекет сөз бостандығы мен білім беруді қолдайтын болса, бұны Құранға қайшы деп қарастыру қиын. Тіпті бұндай жағдайда басқа мемлекет іздеудің, өзге елді паналап көшудің еш қажеті жоқ. Шариғатта мемлекетті басқару қағидаттарына небәрі бес пайыздай ғана көңіл бөлінсе, қалған тоқсан бес пайызын исламның басқа да бұйрықтары, моралдық жүйесі, адамгершілік қасиеттер, сенім негіздері құрайды», — дейді ғалым.
Өкінішке қарай, бұл топтың қатарына қосылып, қолына қару алып, Таяу Шығысқа соғысуға аттанғандар қатарында қазақстандықтар да аз емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, елімізден 500-ден астам адам отбасын ертіп, Сирия жеріне аттанған.
«ДАИШ-тің қауіп-қатерін бірнеше тұрғыдан қарастыруға болады. Мәселен, мүшелерінің қолына қару ұстатып, қара күшке арқа сүйеуі. Тарихтан да байқалғандай, жақсылықты іс ешқашан зорлықпен жасалмайды. Ислам діні де әу бастан бейбіт ұстаныммен таралды. Сондықтан, дегенін күшпен істету ислам ұстанымына қайшы. Олар исламды зорлықшыл дін ретінде көрсетуде. Құран аятында дінде күштеу жоқтығы анық ескертілген. Екінші бір қауіп, шімірікпей адам өлтіруі. Тіпті мұсылман болса да қанын судай шашуы. Бұл исламдағы ең алғашқы бүлікшіл ағым Харижиттерде кездескен ерекшелік. Харижиттер өз пікірлеріне қосылмағандарды күпірлікпен айыптаған, хазірет Османды, әділетті халифтардың соңғысы хазірет Әлиді де еш шімірікпестен шейіт еткен, тіпті сол әрекетін мақтаныш көрген. Сахаба Абдулла ибн Хаббаб ибн Әрат пен аяғы ауыр әйелін де өз пікірлеріне қосылмағаны үшін-ақ аяусыз түрде өлтірген. ДАИШ-тіктер әйел, бала-шаға демей, керек десеңіз, өзге дін өкілдерін де талғамай өлтіріп, әлем жұртшылығын Ислам десе, шошитын күйге келтіруде. Ал исламда адам өлтіру үлкен күнә. Соғыс кезінің өзінде әйел, бала-шағаны, бейбіт тұрғындарды, ғибадатханаларды паналағандарды, кәрі кісілерді өлтіруге тыйым салынған. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) «Кім мұсылмандар қарамағындағы өзге дін өкіліне қиянат жасаса, ақыретте онымен өзім есептесемін» деп қатаң ескерткен. Сондықтан бұл әрекеттерді тек жауыздық деп қана бағалауға болады. Бұған қоса, халифат орнатамыз деп даурығатындай Сирия да, Ирак та өзге дінді ұстанатын елдер емес, тарихтан ислам мәдениетінің бесігі болған, арғысы ұлық имам Әбу Ханифа, бергісі Уахбату Зухайли секілді небір мықты ғалымдар шыққан орта», — деп сөзін түйді Қ.Бағашаров.