Ислам – жай дін ғана емес, бұл үлкен бір ғылым. Барлық ғылымдардың бастауын осы исламнан табуға болады. Мұны көзі ашық мұсылмандар ғана емес, санасы ояу кез-келген өзге діннің өкілдері де жақсы біледі және мойындайды.
Алайда, өздерін мұсылманбыз деп санайтын кейбір деструктивті діни ағым өкілдері исламға мүлдем ғылым деп қарамайды. Тіпті, өркениетке, заманауи ғылымдарға түбегейлі қарсы шығып, исламды қараңғы догмаға айналдыратынын көзбен көріп жүрміз. Ендеше бұлардың ұстап жүргендері қай ислам?
Шындығында, ата-бабамыз ұстанып келген ханафи мазхабында білімді бірінші орынға шығарады. Мұны «Аңсар» консультациялық сауықтыру орталығының директоры Асқар Сабдин де айтып отыр. Ғалымның пікірінше, шын мұсылман өмірінің соңына дейін ғылым-білім игерумен өтуі тиіс.
«Айта кету керек, өзге ағымдармен салыстырғанда ханафилік мазхаб ғалымдары діни ілімді білікті ұстаздардан ғана алуды ұсынады. Бұл тұрғыда көптеген мысалдар келтірілгенімен, ең үлкен мысал – Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) ілімді Жәбірейіл періштеден алуы.
Ал, сахабалар ілімді Пайғамбарымыздың өзінен үйренген. Кейін олар өз артындағы ізбасарларына үйретті. Міне, әуел бастағы таза ислам осылай тараған. Ұстазы жоқтың ұстазы – шайтан дейді атам қазақ. Сондықтан, дінді қазіргідей интернеттен, аудио, видеофайлдардан үйреніп жатқандар теріс діни ағымдардың қақпанына тез түседі», - дейді А.Сабдин.
Расымен де, ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ мамандарының айтуынша, облыста адасқан жастардың көбі дінді инернеттегі сайттардан үйренген екен. Ал, статистикаға сенсек, жат ағымның жетегінде кеткен жастарымыздың 80 пайызы теріс жолға осы интернеттің әсерінен түскен. Мұны прокурорлар айтып отыр.