Әкімдеріміз ауысқанымен проблемамыз шешілген емес – ақтөбеліктер (ВИДЕО)

Ақтөбе көшелерін тағы да су шайып кетті. Қалада көлік қозғалысы қиындап, тұрғындар әбігерге түсуде. Бұл көріністерді ақтөбеліктер видеокамераға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеуде.

Осындай видеороликтердің бірі Instagram желісіндегі zello.aktobe парақшасында жарияланды. Онда жергілікті тұрғындар қаладағы жолдардың сын көтермейтінін айтыпты. Ал, видео авторы билікке наразылығын білдірген.

Видеокадрларда Ақтөбедегі «Колхоз» базарының маңында белшеден су кешіп жүрген автокөліктер көрсетілген.

«Көлік астына су кіріп, бұзылып қала ма деп уайымдап тұрмын. «Колхоз» базары ешқашан өзгермейді. Бұл жер мұхит сияқты, солай қала береді де. Жолдағы шұрық-тесіктер бітелмейді. Әкімдер ауысқанымен, проблемамыз шешілмейді», - дейді автор билікке наразылығын білдіріп.

Еске салайық, кеше ғана Ақтөбедегі Авиақалашық шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын су алып кеткені туралы жазған болатынбыз. Соның салдарынан оқушылардың мектепке баруы қиындап, тұрғындары үйлеріне әзір кіріп-шығып жүр.

Loading...

28 сентября, понедельник