Ақтөбедегі ҚР Тұңғыш Президентінің саябағына ілінген үлкен ту реңін жоғалтып, шеттері жыртылып кеткен. Ағарып кеткен байрақтың суреті Instagram әлеуметтік желісіндегі aktobe_zello парақшасында жарияланды.
Жазба авторы фотоның бүгін - 9 қарашада түсірілгенін айтқан. «Бұл біздің Назарбаев саябағында ілініп тұрған ту. Суретте анық көрінбейді. Бірақ, ол құрақ көрпе секілді жамау-жамау, шеттері жыртылған», — делінген аталған жазбада.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздің бірнеше қаласында мемлекеттік тудың жыртылған жағдайлары тіркелген болатын. Астана мен Шымкенттің өзінде осындай жайттардан кейін басты рәміз жаңасына алмастырылды. Сондай-ақ, осыдан біраз уақыт бұрын Астанада ҚР Мемлекеттік рәміздерін дұрыс орналастыруды күшейтілген тәртіпте бақылау ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде 6 заңбұзушы мекеме тіркеліп, барлығы да мемлекеттік жалауды жаңартқан болатын.