«PodarKing» деген атаумен кәдесыйлар жасаушы қызылордалық кәсіпкерлер таяуда ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысып қайтты. Бүгінде брендке айналып үлгерген ағаштан жасалған өнімдерге сұраныс көп. Кәсіпкер Нұржан Байжігітов жұбайы Жанармен бірге осы бизнесті дамытып келеді. Бизнестің жобасы бастапқыда өз балаларының сүндет тойын ұлттық нақышта безендіруден басталған. Осылайша отбасылық идея бизнеске ұласып кетті. Алғашқы табыстарын саябақтарда өтетін жәрмеңкелерден тапқан кәсіпкерлер өнімдерін көбейтуді мақсат етіп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасына қатысты. Бизнестің қыр-сырын тереңірек үйренген қолөнершілер инновациялық идеяларды жүзеге асыруға арналған конкурсқа қатысып, грант иегері атанды.
«PodarKing» бүгінде еліміздің әр түкпірінен тапсырыс қабылдайды. Шикізат көзі Алматыдан әкелінеді. Өнімдер ағаштан жасалғандықтан, сапа үнемі басты назарда екенін жеткізді кәсіпкерлер. Қолдан жасалған бұйымдар арасында көздің жауын алатын кәдесыйлар, балалар ойыншықтары бар. Ойыншықтар таза ағаштан, сырланбай жасалады. Қолөнер шебері құрастырмалы үй, машиналар секілді ойыншықтарды балалардың гаджетке деген қызығушылығын ауыстыру мақсатында жасайтынын айтты. Тартымдылығымен қатар сапасы жоғары ағаш бұйымдар Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында көпшілік назарына ұсынылды.
«Халықаралық дәрежеде өткен көрмеге Жаңа Зеландия, Испания, Тәжікстан, Өзбекстаннан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер қатысты. Онда қолөнершілер бір-бірімен тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыс орнатты. Екі күнге созылған көрмеге келген елдің ықыласы ерекше болды», - дейді шебер. Сондай-ақ, кәсіппен шұғылдану үшін ізденіс пен талаптың қажет екенін жеткізді ол.
«Кәсіп бастау үшін айқын мақсат керек. Бірінші кезекте пайда табу деген ой болмауы тиіс. Бастысы, сүйікті ісіңнен ләззат ала отырып, сапалы дүниелер жасау керек. Сонымен қатар, нарықтағы сұранысты зерттеу арқылы сұраныстың қаншалықты екеніне көз жүгірте білу қажет. Кез келген кәсіпті бастап кету жолында қиындықтар болады. Сондықтан, тек еңбектену керек», - дейді кәсіпкер.
«PodarKing» сөзі «Сыйлықтар патшасы» дегенді білдіреді. Өнімдерге ағылшын тіліндегі атау беру келешекте шетел нарығына шығу жоспарынан туындаған. Демек, «PodarKing» кәдесыйлары әлемнің дүкендеріне жол тартуды да көздейді.