Қызылорда облысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» жобасы жүргізілуде. Аталған жоба бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен аймақ аудандарында «BASTA» бизнес-форумы өтіп жатыр. Мәселен, Жаңақорған кенті, «Ордакент» ардагерлер, жастар ресурстық орталығында еркін форматтағы «Өз кәсібіңді баста» форумы өтті. Әңгімелесу форматында өткен форумға 150-ге жуық «Бастау бизнес» жобасының түлектері мен талапкерлері қатысты.
«2017 жылдан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып жатқан азаматтар қатары көп. Олардың ішінде осы жобаның көмегімен кәсіп ашқан жас кәсіпкерлер де бар. Мысалы, былтыр Қызылорда өңірінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бойынша 45 азаматқа 128 млн теңге көлемінде беріліп, кәсіптерін жүргізуге көмегін тигізді. Бұл форумды өткізудегі негізгі мақсат – жас кәсіпкерлерді көпшілікке насихаттау», - дейді ұйымдастырушылар.
Форумның алғы сөзін сөйлеген Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Сопбеков Ғалымжан Жарқынбекұлы:
«Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар, жеңілдіктер жас кәсіпкерлердің жұмысын әрі қарай дамытуға жасалған мүмкіндік. Жаңақорған ауданы кәсіпкерлік саласы бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатыр. «Бастау бизнес», «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша білімдерін жетілдіріп, кәсібін жандандырып жатқан азаматтарға сәттілік тілеймін!» - деді.
Форум барысында кәсіпкерлік өнімдерінің көрмесі өтті. Көрмеге кәсіпкерлердің өз қолдарынан шыққан түрлі бұйымдар, тағамдар қойылды. Кәсіппен шұғылдана бастаған жас кәсіпкерлер жоба аясында білім алып, жаңа қырларының ашылғандығын, бизнеспен айналысуға байланысты тың мағлұматтар алғандарын жеткізді.