Қызылорда қаласында Road Show аймақтардағы стартап-жобаларды дамыту мақсатындағы «Startup Sapary» бағдарламасы өтті. Astana Hub халықаралық технопаркінің бастамасымен өткен шара «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
«Startup Sapary» шарасына қатысуға аймақ бойынша 250-ден астам жас қатысушы ниет білдірді. Аталған бағдарлама барысында Astana Hub командасы қатысушыларға «Стартап мектебі» тегін курсы жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, IT саласымен байланысты стартап жобаларды дамыту үшін идеяны бизнес көзіне айналдыру мүмкіндіктері туралы айтылды. Astana Hub өкілі Насрулла Ахменов шараға қатысушы жастарға жобаларды жетілдіру, нарықтағы сұранысы жоғары компаниялар және Lean startup әдісі жайында түсіндіріп өтті. Шара барысында Қызылорда облысының жас IT – стартап жобаларының авторларымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде жүзеге асырылып жатқан жобаларды дамытудың оңтайлы әдістері жайлы сөз болды. Жастар мамандармен бірге өз жобалары туралы пікір алмасты.
«Аймағымызда цифрландыру бағытында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қолдауымен, цифрлық технологиялар басқармасының үйлестіруімен көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Еліміздің өркендеуіне үлес қосатын осындай шаралардың жастарға берері мол екені сөзсіз. Ендеше, «Startup Sapary» жастарға тың серпін береді деп білемін. Бұл шарадан алған білімдеріңізді ел игілігіне арнауға шақырамын», - деді Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нәби Даужанов.
«Startup Sapary» бағдарламасының екінші күнінде қатысушы жастарға сертификаттар табысталды. Цифрландыру саласына қатысты тың мәліметтерімен бөліскені үшін олар Astana Hub ұжымына алғыс білдірді. Жас мамандар бағдарлама барысында жинаған білімдерін өңірдің дамуына жұмсайтынын жеткізді.