«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының «Бастау - бизнес» жобасы бойынша білімін жетілдірген кәсіпкер Қосым Жұмағалиев бүгінде Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылында жиһаз цехын іске қосты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Байқоңыр қалалық бөлімінің мамандарынан кеңес алған кәсіпкер «Бастау - бизнес» курсында қорғаған жобасы бойынша мемлекеттік грант иегері атанды.
Бүгінде Қосым Жұмағалиевтің жиһаз цехында үш қызметкер жұмыс істейді. Өз мерзімінде, әрі сапалы орындалған тапсырыстардың нәтижесінде тұтынушылар қатары күн санап артып келеді. Қажетті бұйымдар халыққа қолжетімді бағада жасалады.
«Тұтынушылардың қазіргі заманғы үлгілер бойынша үй жиһаздарына сұранысы жоғары. Тапсырыспен жұмыс істейтін болған соң қажетті жабдықтардың, материалдың сапасына жіті мән береміз. Жиһаз дайындауға керекті барлық ұсақ-түйек құралдың сапалы болғанын қадағалаймыз. Бастысы, біздің қолымыздан шыққан бұйымдар халыққа қолжетімді», - дейді шебер.
Кәсіпкер таяуда отбасылық бизнесін дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар көмегімен екінші рет грант иеленді. Шеберлігін кәсіппен ұштастырған маман жиһаз цехының жұмысын одан әрі жақсартуды көздейді.