Биылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жас кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған «Жас кәсіпкер» пилоттық білім беру жобасын іске қосқан болатын. Ел ішінде жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18 бен 29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасы жастардың кәсіппен айналысуына мол мүмкіндік жасап отыр. Соның ішінде Сыр жастары да аталған жобаның игілігін көруде.
Осы жоба аясында Қызылорда өңіріндегі Қызылжарма ауылының 20 жастағы тұрғыны Әбілда Асқар Ғаниұлы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы білімін жетілдіріп, кәсіпкер атанды. Ол мемлекет тарапынан иеленген 505 000 теңге көлеміндегі грант қаржысына тауық балапандарын шығаратын құрал-жабдықтар сатып алды. Жас кәсіпкер алғашқы өнімін алып та үлгерді.
«1964 жылы Қызылжарма ауылдық округінде тауық фермасы салынып, халық игілігі үшін жұмыс істеген болатын. Өкінішке қарай, тоқырау кезеңінде бұл ферма жұмысын тоқтатты. Пайдалы әрі өнімді іспен айналысуды көздеп, осы кәсіпті қайта қолға алуды мақсат еттім. Әзірге кішігірім кәсіп болса да, нәтижесі жаман емес. Алдағы уақытта шағын кәсібімді үлкейту жоспарда бар», - дейді жас кәсіпкер.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты негізінде жүзеге асырылып жатқан «Жас кәсіпкер» жобасы қызылордалық жастарға серпін беріп, кәсіп ашуларына септігін тигізіп келеді.