Бүгін халықтың күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры мен бағасын білу мақсатында Қызылорда облысының әкімі Құанышбек Ысқақов бірқатар сауда нүктелерін аралады.
««Small», «Magnum» сауда орталықтарында, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қоймасында және Жаппасбай батыр көшесіндегі «Әлеуметтік дүкенде» болдым. Қазіргі таңда облыстық тұрақтандыру қорында 1 219,9 тонна өнім бар. Сауда ұйымдарында, қоймаларда, өңірдегі 27 әлеуметтік маңызы бар дүкендерде азық-түлік тапшылығы болмайды деп отырмыз. Сонымен бірге, 3,5 мың тонна азық-түлік өнімдерін сатып алу шаралары жүргізілуде. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта мұнай бағасы мен валюта бағамының тұрақсыздығына және коронавирус індетінің таралуына байланысты азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және қажетті қор жинау мақсатында тиісті жұмыстарды тоқтаусыз жүргізе береміз», — жазыпты Құанышбек Ысқақов.
Аймақ басшысының айтуынша, тұрғындар тұтынып отырған азық-түлігінен таршылық болмауы керек. Осы ретте, өңіріміздің кәсіпкерлері халыққа қолайлы жағдайды жасауға барынша атсалысады.
«Бүгінгі күні дәріханалардағы сұраныстың бірі — арнайы бетперделер. Осы орайда, бұған дейін ерлер жейдесін шығарумен танымал болған «Dalatex» ЖШС тігін фабрикасында болып, жұмысымен таныстым. Фабрика тәулігіне 10 мың дана бетперде тігуде. Өнім Қызылордадан бөлек, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жөнелтіледі. Келесі аптаның басында тиісті аппарат сатып алып, медициналық стандарттарға сай бетперделер шығаруды жоспарлауда. Осындай күрделі кезеңде Сыр халқының ауызбіршілігі бұрынғыдан да нығайып, қиындықтың барлығын бірлікте жеңіп шығамыз деп сенемін!», — толықтырды Құанышбек Ысқақов.