суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
1oC
Астана:
icon
-5oC
×

Қызылорда облысындағы коронавируске байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында ел ішінде жарияланған төтенше жағдай жарлығына сәйкес Қызылордадағы Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында баспасөз конференциясы өтті. Онда облыс көлемінде аталған жағдайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы ресми ақпарат берілді.

«Аймақта коронавируске байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ағымдағы жылдың 20 ақпанынан бастап қолайсыз елдерден 151 азамат келген. Оның 47-сі стационарда болып, мерзімі аяқталған соң және аурудың белгілері анықталмағандықтан үйлеріне қайтарылды. Одан өзге 10 азамат облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында бақылауда болды. Олардың 9-ы үйлеріне жіберілді. Ал, қазір ауруханада бақылауда жатқан сербиялық азамат Германиядан келе жатқанда коронавирус дерті анықталған науқаспен бірге бортта болғандықтан бақылауға алынған болатын. Зерттеу нәтижесі бойынша бұл азаматта коронавирус инфекциясының нәтижесі теріс болып шықты. Дегенмен, талапқа сай ол 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады», — деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбілқасымұлы.

Аймақтағы 2400-дей дәрігердің 93 пайызы коронавируске байланысты   білімін жетілдіру семинарларынан өткен. 9 500-ге жуық орта білімді медицина қызметкері арнайы оқытылды. Қалған мамандарды осы аптаның ішінде оқумен толық қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ең басты мәселе – сақтық шарасы екенін атап өтті облыстың бас дәрігері Жақсылық Әбілқасымұлы.

«Коронавирус – ауа тамшылары арқылы жұғатын жұқпалы ауру болғандықтан, әрбір азамат жеке басының, отбасының гигиенасын сақтап, қорғануға тырысу керек. Ол үшін қолды жиі жуу, бетперде тағу, үйдегі тазалық сынды қарапайым қағидаларды күнделікті қолданыста жасап жүру керек. Адамдардың көп шоғырланатын орындарына мүмкіндігінше бармауға тырысқан жөн», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қожабергенов Фирдоуси аймақтағы кәсіпкерлік нысандарының ахуалы жайлы баяндады.

«Облыста ауданы 2000 шаршы метрден асатын 30 ірі сауда нысаны бар. Санитарлық қауіпсіздікті күшейте отырып, бұл сауда орындарының жұмыс уақыты таңғы 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін болады. Азық-түлік дүкендері қалыпты жұмысын атқара береді. Киім-кешек, зат сататын орындарда санитарлық жұмыстар күшейтіліп, жұмыс уақыты 11.00-ден 17.00-ге дейін өзгертілді. Ойын-сауық орындары, кинотеатрлар жұмысы тоқтатылды. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеу уақыты кешкі 22.00-ге дейін бекітіліп, адам саны 50-ден аспау керек деген нұсқама берілді.  Тойханалар жұмысын тоқтату бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр», — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, өңірдегі театр, мәдени орталықтар, көрмелер мен үйірмелер өз жұмысын тоқтатты.

«Аймақтағы балабақшалар штаттық негізде жұмыс істеп тұр. Ата-аналардың балаларын балабақшаға апарып-апармауы ерікті түрде жүзеге асады. Баланың бару күндеріне байланысты төлемдер шегерілетін болады. Ондағы санитарлық жағдай тұрақты бақылауда. Мониторинг жұмысы жасалуда. Ал, мектеп мұғалімдері қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша үйде отырып жұмыс істей береді. Соған сәйкес жалақысы белгіленген тариф бойынша сақталады. Ал, колледждерде, ЖОО-ларда білім алушылар үшін заманауи платформалар арқылы онлайн түрде сабақтар жүріп жатыр. Өндірістік тәжірибеде жүрген студенттердің практикалық жұмысы кейінге шегерілді», — деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0