суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
447.4
icon
477.55
icon
4.76
Алматы:
icon
16oC
Астана:
icon
18oC
1xadv
×

Қызылордада төтенше жағдай талаптарын орындамаған азаматтарға қатаң шара қолданылады

Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов онлайн брифингі барысында мәлімдеді.

«Қазір Қызылорда қаласы және Жаңақорған ауданы арнайы карантинге алынды. Облыс көлемінде карантиндік режимдегі жүктеулер енгізілген. Қызылорда қаласына кіреберісте 5 тосқауыл бекеті қойылды. Байқоңыр, Қызылорда қалалары және аудандардағы кіріп-шығу жолдарында 3 санитариялық бақылау бар. Облыс бойынша 35 тосқауыл бекеті 24 сағат бойы қызмет етуде. Аталған санитарлық және тосқауыл бекеттерінен өткізу барысында 5776 автокөлік, 10 500-ден астам жолаушы тексерілді. Төтенше жағдай талабын бұзушылықтар әлі де кездеседі. Осы кезге дейін 171 факт тіркелді. Олардың 46-сына әкімшілік айыппұл салынды. 52-сіне әкімшілік қамау шаралары қолданылды», — деді Наурызбай Байқадамов.

Осы орайда төтенше жағдай талаптарын ескермеген азаматтарға індеттің таралуына себепкер ретінде тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді облыс әкімінің орынбасары.  

«Кейбір тұрғындардың төтенше жағдайға селқостық танытуы салдарынан бірнеше аймақты оқшаулау жағдайы қиындық тудыруда. Бүгінде облыс бойынша коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 37-ге жетті. Оның ішінде Шиелі ауданы бойынша — 11 адам, Қармақшы ауданында — 4 адам, Қызылорда қаласында – 6 адам, Жаңақорған ауданы бойынша 16 науқас тіркелді. Науқастардың барлығы облыстық және аудандардағы жұқпалы аурулар ауруханаларына жатқызылды. Науқастар хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Жағдайлары қалыпты. Вирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған адамдар саны — 740 адам. Оның ішінде тығыз қатынаста болған 254 адам карантинге алынып, ауруханаға орналастырылды. 486 адам үйде бақылауға алынды», — деп атап өтті Наурызбай Сейтқалиұлы.

Індет ошақтары мен адамдар шоғырланатын орындарда дезинфекциялау жұмыстары тұрақты түрде жасалу үстінде. Осы кезге дейін аумағы 1 220 580 шаршы метр жерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық сараптама орталығының» Қызылорда облыстық филиалы арқылы залалсыздандыру жұмыстары жалғасуда.

«Облыс әкімінің қаулысымен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты алдын алу және оны жою мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасына 104 млн теңге қаражат бөлінді. Бүгінде аталған қаржының 13,8 млн теңгесіне 1,5 тонна антисептик, 350 дана карантинге жаңа төсектер алынды. Бөлінген қаражат медициналық қажеттіліктерге жұмсалады. Ауруханаларда дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдары жеткілікті», — деп атап өтті Наурызбай Сейтқалиұлы.

Індеттен қорғану мақсатындағы үгіт-насихат жұмыстары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, штаб жанынан құрылған 40 01 00 call-орталығына 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 972 қоңырау келіп түскен. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Нақты ақпарат» әлеуметтік порталының кері байланыс телефоны ұйымдастырылған. Мұнда 30 наурыздан бастап 800-дей сұрақ қойылып, тиісті мамандар арқылы жауап беріліп келеді.

Төтенше жағдайға байланысты облыс бойынша 58 463 жекелеген санаттағы азаматтар азық-түлікпен, тұрмыстық қажеттіліктермен қамтамасыз етілді. Бүгінде жұмысынан айырылу бойынша 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алу үшін 503 азаматтан электронды түрде өтініш қабылданған. Қазір соның 351-і қаралды. Жиынтық төлемі бар азаматтардың 171-іне аталған төлем берілді. Әлеуметтік төлемдер бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

«Мемлекет тарапынан берілетін көмектер қолдарыңызға тиеді. Дәл қазір төтенше жағдай кезінде мекеме жағалап, карантин талаптарын бұзудан сақ болған жөн. Барлық сауалдарды телефон, ғаламтор арқылы біліп, жүзеге асыруға болады. Қонаққа барып, сыртқа шығып, соның зардабын тартып жатқан адамдар туралы білесіздер. Сондықтан, үйде болыңыздар!» - деді Наурызбай Байқадамов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0