Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Президент жарлығына сәйкес тәртіпті сақтау қатаң бақылауға алынды. Осы орайда Сыр өңірінде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Қызылорда облысының бас санитарлық дәрігерімен қаулы қабылданды. Сондай-ақ, бірқатар шектеулер мен қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл туралы облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев онлайн брифинг барысында мәлімдеді.
«Аталған қаулыға сәйкес азаматтардың тұрғын үйлерінен шығуына тыйым салынады. Дәрілік заттар мен азық-түлік қажеттіліктерін алуға, медициналық көмекке және жұмысқа бару үшін жұмыс орнынан арнайы анықтама немесе куәліктерін көрсеткен жағдайда рұқсат етіледі. Сонымен қатар, 55 жастан асқан азаматтарға көшеге шығуға тыйым салынады. Халыққа осындай шектеулердің орнатылғанын тағы да жеткіземіз», — деді Талғат Айтбайұлы.
Аймақта төтенше жағдайға қарамастан өз ауласында той жасаған 17 үй иесі, қызметін жалғастырған 48 кафе анықталды. Мобильдік топпен жүргізілген рейд барысында талаптарды орындамаған 90 факті тіркелген.
«Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен 179 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 116-сы қаралып, 54 азаматқа айыппұл салынды. Ал, 62 азаматқа әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды. Қалғаны сот өндірісінде. Шиелі кентінде бірнеше компьютерлік клуб иелері жұмыстарын жалғастырғаны үшін сот қаулысымен 10 тәуліктік әкімшілік қамаққа алынды. Блок бекеттер қойылғанына қарамастан оны айналып өтпек болған 11 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Қазақстан Республикасының Президенті төтенше жағдай режимін бұзу жағдайлары бойынша қолданылатын жазаны барынша қатаңдатуды тапсырды. Сондықтан, төтенше жағдай кезінде белгiленген режимдi бұзу, талаптарды орындамау, жалған ақпараттарды тарату жағдайлары бойынша қатаң шаралар қабылданатынын еске саламыз», — деді Талғат Әлібаев.
16 наурыздан бері аймақта 341 қылмыс тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс көрсеткіші 43%-ға азайған. Атап айтқанда, меншікке қарсы жасалатын қылмыстар 65%-ға төмендеген. Ұрлық 60%-ға, тонау 20%-ға, қарақшылық 50%-ға төмендесе, қоғамдық орындарда жасалатын бұзақылық қылмыстары 67%-ға азайған. Зорлау және ауыр дене жарақатын салу қылмыстары тіркелмеген. Төтенше жағдай мерзімі жарияланғаннан бері облыстағы қылмыстық ахуалдың тұрақты екенін жеткізді Талғат Әлібаев.
«Бүгінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, облыстың жекелеген тұрғындары арқылы COVID-19 короновирустық инфекциясының таралуы туралы жалған ақпарат таратудың 11 дерегі тіркелді. Осы істер бойынша қысқа мерзімде тиісті процестік шешімдер қабылданды. Оған қоса «COVID-19» диагнозы қойылған науқастардың жеке деректерінің таратылуының екі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде», — деді Талғат Айтбайұлы.
Онлайн брифинг барысында облыс прокурорының бірінші орынбасары облыс тұрғындарына короновирус дертімен күресу үшін уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың талаптарын қатаң сақтау қажет екенін айтты. Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қосымша Ұлттық гвардия сарбаздары да жұмылдырылды.