Елдегі төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі жанынан құрылған арнайы штаб тәулігіне 24 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Штабта барлық саланың мамандары үйлестіру, ұйымдастыру, шұғыл шараларды атқару үстінде. Аймақтың әрбір азаматының мәселесін назардан тыс қалдырмау мақсатында 400 -100 саll – орталығына келіп түскен сауалдарға жауап берілуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов онлайн брифинг барысында мәлімдеді.
«ПЦР құрылғысы арқылы науқастарды анықтау үшін қолда бар сынама жиынтықтары толығымен пайдаланылған. Бүгінде облысқа 10 000 сынама жиынтығы келеді деп күтілуде. Жалпы ауданы 2 437 990 м 2 құрайтын адамдар көп шоғырланатын аумақтарға әскери бөлімдер мен аудан әкімдіктерінің өз күштерімен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Індет шыққан ошақтарда ҚР ДСМ «Ұлттық сараптама» орталығының Қызылорда облыстық филиалының мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп келеді», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінде облыстың, қаланың, аудандардың шұғыл шығындарға арналған төтенше резервінде 875,1 млн теңге қаржы қарастырылған. Облыстың төтенше резервінен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты алдын алу және жою шараларына 510,9 млн теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына 104 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржының 21,6 млн теңгесіне 2 000 литр антисептик, 900 дана төсек жабдығы, 85 дана қорғаныш киімдері 30 000 дана медициналық қолғаптар сатып алынды. Сонымен қатар, залалсыздандыру жұмыстары мен тамақтандыруға 26,3 млн теңгеге келісім-шарт жасалды. Әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдарына облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына бөлінген 156,9 млн теңге есебінен 45 мың дана бетперде, 270 литр антисептик берілді. Сондай-ақ, залалсыздандыру жұмыстарына жұмылдырылатын аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамын қамтамасыз ету мақсатында 518 кг деохлор, 200 дана қорғаныш киімдері, 55 дана қорғаныш көзілдірігі, 300 дана респиратор және 50 дана бүріккіш құралдары сатып алынды. Қалған 200 млн теңге Қызылорда қаласына, 50 млн теңге Жаңақорған ауданына облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы арқылы трансфертпен аударылды.
Онлайн брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары көптеген жергілікті азаматтар тарапынан әлемдік індеттен сақтану шаралары бойынша бейқамдық басым екенін жеткізді.
«Сіздерден ең бірінші сұрайтынымыз – сабырлылық пен жауапкершілік. Әрбір азамат өз денсаулығына және жақындарының, отбасының денсаулығына жауапты. Өңірімізде қалыптасқан жағдайға байланысты, 2020 жылдың 8 сәуірінен бастап, облыстың бас санитар дәрігерінің №7 жаңа Қаулысы енгізіліп отыр. Себебі, облысымыз коронавирус инфекциясының тіркелген жаңа жағдайы бойынша республикада 3 орында тұр. Тіпті, халық санына шаққанда бірінші орында тұр деп айтуға келеді. Сондықтан, осы Қаулының негізінде жұмыс жасауға тиістіміз. Қаулы барлық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланып жатыр. Бүгінгі күннің өзінде жаңадан 16 жағдайдың тіркелуі және оның бұрынғы анықталған ошақтардан табылуы, біздің азаматтарымыздың салғырттығы деп айтуға келеді», — деді Наурызбай Сейтқалиұлы.