Қызылорда облысында 300 орындық көпбейінді аурухана емханасымен, 300 орындық физика-математика мектебі, драма театр, 900 орындық орта мектеп, неке сарайы және бизнес орталық салынады. Бұл облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Сырдарияның сол жағалауына сапары кезінде белгілі болды. Мұнда ол әлеуметтік-мәдени және білім беру нысандарымен танысты. Солардың қатарында, «Болашақ» университетінің жаңа оқу корпусы, Жастар ресурстық орталығы сол жағалауды «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік магистралімен байланыстыратын жаңа көпір болды.
Екі жылдар аралығында (2017-2019 жж.) сол жағалауда мемлекеттік бюджет және жеке инвесторлардың есебінен көпқабатты 48 тұрғын үй, Жастар ресурстық орталығы, Қазақ орталық атқару комитетінің музейі, «Болашақ» университетінің оқу корпусы, 700 орындық жеке мектеп және 320 орындық балабақша бой көтерді. Қазіргі уақытта көпқабатты бес тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады.
«Облыста қаржыландыруды қажет ететін жобалар көп. Ағымдағы жобалар, атап айтқанда, осы көпір құрылысы дер кезінде аяқталуы керек. Біз тұрғындардың, әсіресе аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын ойлауымыз қажет. Сондықтан қаржыны бөлер алдында, бүгінгі жағдайға икемделген жобаға басымдық береміз. Әсіресе тұрғын үй құрылысы сапалы жүргізіліп, мерзімінде аяқталуы тиіс», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнан соң облыс әкімі Шіркейлі каналы арқылы өтетін, сол жағалау мен «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізін байланыстыратын көпір құрылысымен танысты. Содан кейін облыс әкімі Сырдария ауданының Аманкелді ауылына барды, жағдай тұрақталмайынша, қатаң тәртіп сақтау қажеттігін ескертті.