Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақта карантин жағдайының созылуына байланысты өңір елді-мекендерінің ахуалын бақылау мақсатында аудандарға жұмыс сапарын жасады.

Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды

Қазалы ауданына сапары барысында аймақ басшысы Майдакөл ауылдық округіне қарасты Бекарыстан би ауылындағы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған жоба аясында Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 930 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Осыған сәйкес ауылдағы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау, тұрғын үйлерге сервистік су желілерін жүргізу мен бірқатар көшеге орташа жөндеу жұмысын жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл ішіндегі сегіз көшеге жарық жүргізіліп, 20 азамат уақытша жұмыспен қамтылатын болады. Облыс әкімі атқарылатын жұмыстардың сапасына мән берілуін тапсырды. Сонымен қатар, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалу керектігін жеткізді.

Облыс әкімі «Әлсейіт» учаскесіндегі көпірдің ахуалымен танысты. Жалпы ұзындығы — 219 метр, ені — 12 метрді құрайтын көпірдің екі жағынан жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі қарастырылған. Мұнда дамба салу және кірме жолдардың су басу аймақтарын бетондау жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы жаңадан бой көтерген 600 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Одан әрі «Жанқожа батыр» кесенесінде ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесіп, осы аймаққа тиесілі мәселелер бойынша ауыл ақсақалдарының пікірін тыңдады.  Облыс әкімі Ақсуат елді мекенінде апатты деп танылған клуб пен балабақша құрылысының басында болып, тамыз айында пайдалануға берілуін тапсырды.

Гүлшара Әбдіқалықова халықтың  сүйікті өніміне айналған «Дәмді» пастерленген сүт өнімдерін шығаратын «РЗА» акционерлік қоғамының жұмысын да көріп қайтты. Сондай-ақ, темір-бетон зауытының жұмыстарымен арнайы танысты.

Loading...