суббота, 27 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
8oC
Астана:
icon
6oC
1xadv
×

Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды қасиетті Қадір түнінің келуімен құттықтады

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мұсылман қауымын қасиетті Қадір түнінің келуімен құттықтады. 
 

«Рамазан – рухани кемелденетін ай. Мұсылман қауымы Алла разылығы үшін өзін астан, пенделік қылықтардан тыйып, адалдық жолға бет бұрады. Қасиетті ай – адам баласының бойында кішіпейілдік, сабырлық пен адалдық қасиеттерін қалыптастырады. Азаматтарымызды қайырымды іс жасауға, жақынына көмектесіп, мұқтаж жандарға қол ұшын беруге ниеттейді. Бауырмал, кешірімді болуға, шақырады. Бiр ай бойы астан ғана емес, бейәдеп сөзден, жат қылықтан тартындырып, сабыр мен төзімге тәрбиелейді», — деп жазды аймақ басшысы өзінің Facebook парақшасында. 

Әкімнің айтуынша, «ислам – ғылым мен білімді, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын ілім. 

«Өкінішке қарай, кейінгі уақыттарда Ислам дініне түрлі «измдер» таңылып, теріс көзқарас қалыптастыруға әрекеттенушілер көбейіп келеді. Бірқатар елдердің жат ағымдар мен діни алауыздықтан қандай зардап шеккенін жақсы білеміз. Жастар қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік, саяси-экономикалық өзгерістерге барынша сезімтал келеді. Сана-сезімі толық қалыптасып үлгермегендіктен, жастар сырттан келетін жат ағымдардың шырмауына түсіп кетуі мүмкін», — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, облыс әкімі белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың «Дін — ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» қанатты сөзін еске алып,  жат діни ағым жайлы ой толғады.

«Жат діни ағымдардан төнетін қауіп-қатерге өз салт-дәстүріміз бен ұлттық мәдени тұрғыдан жауап бере білуіміз керек. Мешіттерде осы мақсаттағы насихат жұмыстары көбірек жүре беруі керек деп есептеймін. Осыған дейін ораза айында мешіттерде ауызашар беру дәстүрі берік қалыптасқан еді. Алайда, қазіргі таңдағы бүкіл әлемді жаулаған пандемия ауызашарды мешітте ғана емес, туған-туыс арасында да өткізуге мүмкіндік бермей отыр. Бұл қатерлі вирустан тезірек құтылу үшін біз барынша сақтанғанымыз жөн», — атап өтті Қызылорда облысының әкімі. 

«Құрметті қауым! Қадір түнін адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, үлкенді құрметтеуге, ата-ананы сыйлауға, жақсылыққа шақыратын рухани мезет деп атауға әбден болады. Ала Тағала еліміздің бірлігі мен ынтымағын сақтасын, аспанын бейбіт, жерін құнарлы етсін, халқымызға таусылмас ырыс-несібе берсін. Тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Біз біргеміз!», — деп жазды аймақ басшысы.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0