Биыл ел ішінде пандемияның таралуына байланысты атаулы мереке карантин талаптарына сай онлайн форматта ұйымдастырылады. Бұл туралы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында баяндады.
«Кез келген елдің мемлекеттік мәртебесін айқындайтын құндылықтары бар. Ол — елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. 1992 жылы 4 маусымда егеменді еліміздің мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, мемлекеттік Әнұраны қабылданып, тарихи заңдарға қол қойылды. Қазақ елінің тәуелсіздік алып, әлем елдерімен терезесін теңестіріп, шекарасын бекемдеп, мемлекеттік рәміздерін бекіткеніне де 28 жыл толды», — деді Мира Жомартқызы.
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қызылорда қаласы және аудан көшелеріне тақырыптық көрнекі құралдар ілінеді. Музейлер мен кітапханаларда «Мемлекеттік рәміздер — тәуелсіздік нышаны», «Рәміздерім — мақтанышым» тақырыптарында онлайн кітап көрмелері мен экскурсиялар ұйымдастырылады. Мемлекеттік органдарда карантин талаптарын сақтай отырып мемлекеттік қызметке жаңа қабылданған қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтеді. 4 маусым күні сағат 10.00-де барлық мемлекеттік мекемелерде қызметкерлер бір мезетте карантин талаптарын сақтай отырып, Мемлекеттік Гимн шырқайды.
Мереке қарсаңында «Елімнің көк байрағы — елдігімнің айғағы» тақырыбында «Сыр бірлігі» YouTube арнасында онлайн лекторий, облыстық білім басқармасының ресми фейсбук парақшасында «Менің Қазақстаным» атты онлайн мәнерлеп оқу челленджі, онлайн патриоттық әндер байқауы, оқушылар арасында онлайн шығармалар байқауы өтеді.
Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың фейсбук парақшасында «Туым — намыс, ұраным — бірлік, рәміздерім — мақтанышым» атты онлайн білгірлер сайысын өткізу жоспарланды.
Сонымен қатар, «Сыр шаңырағы» YouTube арнасы арқылы «Сырлы саз» аспапты музыка айдарымен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі әртістерінің біріккен онлайн концерті көрсетіледі.
4 маусымда Қызылорда облыстық филармониясының фейсбук парақшасында «Рәміздерім — рухымның айнасы» атты онлайн фильм-концерті ұсынылады.
Сондай-ақ, балаларға арналған «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясының «Отанымды сүйемін» атты онлайн балалар қойылымы көрсетіледі.
«Атаулы мерекеге орай қаладағы қоғамдық көліктерде және саябақтар мен сауда орталықтарында Мемлекеттік Гимн шырқалады. Оған қоса қала көшелерінде авто-шеру ұйымдастырылады. 4 маусымда Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің фейсбук парақшасында «Рәміздер — ел беделі», «Мемлекеттік рәміздер — ұлт мақтанышы» атты онлайн мерекелік іс-шаралар өтеді. Мұндай іс-шаралар аудан кітапханалары мен мекемелерінде де жалғасады. Сонымен қатар, әлемдік, халықаралық сайыстардағы жеңімпаз спортшылармен телеарналар мен баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілерде «Ел рәміздері — ел рухы» атты сұхбаттар жарияланады», — деп атап өтті сала басшысы.