Бағалар бақылауда: Қызылорда облысында азық-түліктің қымбаттамауы үшін қандай жұмыстар жүргізілуде

Соңғы аптадағы мәлімет бойынша облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының индексі – 104,9%. Қызылорда облысы төменгі баға қалыптасқан 5 қаланың бірі болып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетов баяндады.

Бағалар бақылауда: Қызылорда облысында азық-түліктің қымбаттамауы үшін қандай жұмыстар жүргізілуде

«Азық-түлік бағасына апта бойы мониторинг жасалады. Кейбір өнімдер маусымдық мерзімге байланысты арзандаған. Аудандар мен көрші облыстар арасындағы блок-бекеттер ашылып, облыстағы кәсіпкерлер кедергісіз өнімдерін тасымалдап жатыр», — деді Сейілбек Серғазыұлы.

Сала басшысы өңірдегі егін шаруашылығының жай-жапсарын да мәлімдеді. Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, бүгінде аймақтағы егін егу жұмыстарының 98% астамы орындалған.  Соның ішінде 86,9% күріш дақылы егіліп, суға бастырылды. 

«Биыл облыс көлемінде 180 мың гектар жерге егін егу жоспарланған болатын. Төтенше жағдай кезеңінде егістік жұмыстарын жүргізуге барлық жағдай жасалды. Бүгінде жоңышқа ору, күріштің арамшөптеріне қарсы гербициттер өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқарма тарапынан минералды тыңайтқыштар, жанармай жеткізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылу үстінде. Мамыр айынан бастап мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды шаруашылықтардың өтінімі бойынша бөлуді жүзеге асырып жатырмыз», — деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Оған қоса өсімдікке зиян тигізетін организмдерге қарсы жұмыстар басқарма мамандарының басты назарында. Таяуда Жаңақорған, Қазалы аудандарында шегірткелерді жоюға байланысты аумақтық инспекция мамандарымен бірлесе отырып жұмыстар жүргізілді.

Loading...