Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетовтің қатысуымен брифинг өтті. Брифинг барысында Қызылордада жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстары туралы баяндалды.
«Биыл құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 5 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Атап айтсақ, Ақжарма елді мекеніндегі Н.Тасымова № 60 көшесінде орналасқан ғимаратты медициналық базасы ретінде қайта жаңғырту, №6 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөсіпірімдер мектебіне қарасты футбол алаңын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, Қызылорда қаласы Е.Әуелбеков көшесі № 5 мекен жайындағы филармония ғимаратына қосымша құрылысы жасалады. Жанақорған ауданының Шалхия кентіндегі 150 орынға арналған ауыл клубын салу да қарастырылған. Оған қоса, Қызылорда қаласы Гидроузел көшесі №21 мекен-жайынан салынатын байдарка және каноэ есу базасының құрылысы да қамтылады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып, құрылысты бастау үшін рұқсат хабарламалары алынды», — деді Арнұр Әлібекұлы.
Бүгінде жұмыспен қамту орталығына 1 нысан бойынша 35 жұмысшы алуға өтінім беріп, 5 азамат жұмысқа тартылды. Басқа 4 нысан бойынша өтінімдер қабылданып, әңгімелесу жұмыстары жүргізілу үстінде.