Антына адал жандардың арқасы

Мен үшін маусым айының аяғы мен шілде айының бас жағы өте ауыр болды. Ыстыққа шыдамай, салқындатқыштың астында жата берген едім. Нәтижесі белгілі, «екіжақты пневмония» деген диагнозбен ауруханадан бір-ақ шықтым.
 

Антына адал жандардың арқасы

Қызуым түспейді. Басымды көтере алмаймын. Үш күн терапия бөлімінде ем алғанмен жағдай дұрысталмады. Менің ауыр халімді көрген дәрігер Шакизада Қадірова дереу жансақтау бөліміне жатқызуға шешім қабылдады.
Жансақтау бөлімінде реанимотолог Асылбек Жиенбаев бастаған дәрігерлер мен мейірбикелер 7-8 күннің ішінде аяққа тұруыма көмектесті. Әйтсе де, мұндағы күндер өмір бойы естен кетпейтін шығар. Өте қиын болды. Мұрныңнан кислород беріп жатқанның өзінде ауа жетпейді. Оның үстіне әлсіздік тағы бар. Антына адал дәрігерлердің арқасында бұл күндер де артта қалды.
Қазір денсаулығым жақсарып, бетім бері қарады. Сол үшін де Қазалы ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақыт Әлішева бастаған ұжымға, Шакизада Қадірова, Асылбек Жиенбаев, Бахыт Аманова, Аян Қазиұлы сынды абзал жандарға алғысым шексіз.
Жерлестеріме қазір реті келсе, көшеге көп шықпай, үйде отырған жөн дегім келеді. Өзіміз үшін, ата-ана, бауыр, туған-туыстар үшін қауіпсіздік талаптарын сақтайық.
Ас-садақа, той-томалақты кейінге қалдырып, шақырған жерге барудан бас тартыңыздар.
Бұл – уақытша ғана жағдай. Тәртіпке бағынсақ, бұл қиындықтың алдын алуға болады.

Жеңісбек Советұлы, Қазалы ауданы

Loading...

6 августа, четверг