воскресенье, 2 июня 2024 г.
icon
447.25
icon
485.18
icon
4.96
Алматы:
icon
29oC
Астана:
icon
16oC
1xadv
×

«Ұстазым — ұлағатты өнегем»: Гүлшара Әбдіқалықова үздік ұстаздарды марапатталды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мұғалімдер күні құрметіне өткізілген «Ұстазым – ұлағатты өнегем» атты салтанатты жиынға қатысып, аймақтың үздік ұстаздарын марапатталды.

Салтанатты жиында облыс басшысы педагогтерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың білім беру саласындағы жеткен жетістіктерін атап өтті.

«Бұл – жалпыға ортақ мереке, өйткені, кез келген адам мұғалімнен білім мен тәрбие алып шығады. Бірақ уақыт талабына сай дамып отыратын ұстаздың ғана оқушылар алдында беделі болады. Біздің елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. Нәтижесінде биылғы жылдан бастап педагогтер мен оларға теңестірілген қызметкерлердің айлық жалақылары көтеріледі. Биылғы жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 27,4 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл — мемлекет тарапынан мұғалімдерді үлкен қолдау», — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

2021 жылғы қаңтардан бастап мұғалімдердің айлық жалақысы 25 пайызға өседі.

Облыс әкімі салтанатты жиында өздерінің лайықты еңбектері арқылы әріптестері мен шәкірттері арасында зор беделге ие болған ұстаздарға ең жоғары награда – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі тапсырды. Мұндай жоғары құрметке ие болғандар қатарында Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі Клара Есмағанбетова, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің оқытушысы Әсия Борақұлова және Қазалы ауданындағы №225 орта мектептің мұғалімі Роза Сексенбаева бар.

Үлгілі мұғалімдер сондай-ақ құрмет грамоталарымен наградталды. Бұдан бөлек, білім беру мен оны дамытуға қосқан үлестері үшін 30 педагог ноутбук алды. Онлайн режимінде видеоконференция түрінде өткен іс-шараға аудандардың үздік педагогтері қатысып, өздерінің тілектерін білдірді.

Бүгін аймақ басшысы өзінің жеке Facebook парақшасында мұғалімдерге арналған құттықтау сөзін жазды.

«Құрметті ұстаздар!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

«Ұстаз» деген ұлы ұғымда ұлылық та, жылылық та бар.

Барлық  кәсіп   иесі, ол дәрігер не кәсіпкер болсын, ол ақын не әкім болсын ұстаздан білім-тәрбие алып шығады. Бүгінге дейін мен де өзімді білім шыңына жетелеген аяулы ұстаздарымның алдында бала шәкірттей сезінемін.

Нағыз ұстаз болу кез-келгенге бұйыра бермеген бақыт. Өз ұстаздарымды сол бақытты еселеген жандар деп түсінемін. Мен білім алған Қызылорда қаласының қақ ортасында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы №4 мектепте түрлі пәннен сабақ берген Райхан Көшкінова, Сара Тайманова, Кәмила Әбілова, Алуа Разақова, Ксения Тимофеевна Цой, Үміткүл Айманова, Айша Үсенова, Тоқсұлу Көшербаева, Күлбарам Сәдуақасова, Спандияр Дүйсеков, Жүсіп Ахметов сияқты ұстаздарымды күні бүгінге дейін ұмытқан емеспін. Өкінішке қарай, олардың кейбірі арамызда жоқ.

Алғашқы ұстазым — Айша Үсенова апай.  Жетінші сыныпқа дейін Үміткүл Айманова апай, сегізінші сыныптан бастап бітіргенше Сара Тайманова апай сынып жетекшіміз болғанын айта кетейін.

Ұстаздарымның сабақта түрлендіріп өткізіп, қызықты шаралар жасаудағы тынымсыз еңбегін, сабақты ынта-шынтасымен түсіндіргендегі сәтін есіме алсам, таң қаламын. Жұмысты беріліп істеу үлкен энергияны қажет етеді. Ұстаздарымның көбі — көпбалалы. Соған қарамастан үйде бала тәрбиелеуге, мектепте бізге білім нәрін беріп, нағыз мұғалім екенін көрсетуге күш-қуаты жететін. Оларда бүгінгідей дайын тұрған көрнекі құралдар да жоқ. Бізге қолымен жасап әкелген көрнекілігінің өзі көрнекті көрінетін. Қазіргі ұстаздар да оқушыларға өз заманына лайықты білім беруде дәл осы ұстаздардай еңбек етіп жүр деген ойдамын», — жазды Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімі айтуынша, «мектебіміздің түрлі жылдардағы түлектері тәуелсіз еліміздің төрт бұрышында абыройлы еңбек етіп, сүйікті Отанымыздың көркейіп-көріктенуіне сүбелі үлес қосуда». Олардың арасында менен басқа облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, кәсіпкер-меценаттар Рая Үдербаева, Асқар Махамбетовтер де бар.

«Бүгін бірнеше ұстазымның үйіне төл мерекесімен құттықтап барып, шәкірт екенімді тағы бір сәт сезіну бақыты бұйырып тұр.

Өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған ұстаздарымызға қандай мақтау, мадақ айтсақ та жарасады.

Дарынды да талантты, тәлімді де тәрбиелі шәкірттеріңіз көп болсын! Шаңырақтарыңызға шаттық, шығармашылық табыс тілеймін!

Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар!», — құттықтады Гүлшара Әбдіқалықова.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында биылғы жылы бірінші рет Тәуелсіздік күні қарсаңында білім беру мен оны дамытуға үлес қосқан педагогтерге төсбелгілер тапсырылатын болады.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0