ШҚО Абай ауданының орталығы Қарауылда екінші жыл қатарынан «Бір қабатты шығыс» аймақтық жобасы шеңберінде тұрғын үйлер бой көтеруде. Әлеуметтік маңызы бар бұл тұрғын үйлер Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығы қарсаңында баспанаға мұқтаж жандарға беріледі.
Көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларына арналған аталмыш баспаналар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен салынып жатыр.
«Бір қабатты Шығыс» аймақтық бағдарламасы аясында Абай ауданының орталығындағы Тоқтамыс көшесінде жаңадан ашылған «Абай саябағы» аумағында салынып жатқан қос пәтерлі 16 тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысып, ондағы құрылыстың көлемі мен тұрғын үй құрылысының сапасымен танысқан облыс басшысы Даниал Ахметов жұмыстардың ойдағыдай жүргізіліп жатқандығын атап өткен болатын.
«Әлеуметтік маңызы бар бұл тұрғын үйлер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында баспанаға мұқтаж жандарға беріледі. Тұрғындардың саябаққа келіп, бос уақыттарын қызықты өткізу үшін келешекте үйлерді «Абай саябағы» маңына топтастыра салған дұрыс», — деп ескертті өңір басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, ауданда былтыр да осы «Бір қабатты шығыс» аймақтық бағдарламасы аясында қос пәтерлі 16 тұрғын үй салынып, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған 32 отбасы қоныс тойын тойлаған болатын. Осылайша 2020 жылы жиыны көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған 47 отбасы баспанамен қамтылды.
Бірыңғай сәулеттік келбетке ие бұл тұрғын үйлердің қатары жыл сайын толығып, бұл аумақ келешекте көрікті шағын ауданға айналады деген үміт бар.
«Мен көп балалы ана және аз қамтылған отбасы ретінде баспанаға ие болдым. Үйдің кілтін алған сәттегі қуанышымды айтып жеткізу қиын. Осындай мүмкіндік сыйлаған облыс және аудан басшыларына алғысымды білдіргім келеді. Барлық шаңырақтың іргесі берік, босағасы биік болса екен», — деген ақжарма тілегін айтты осы жоба арқылы баспанаға қол жеткізген тұрғындардың бірі Сәуле Сұлтанова.
Осылайша ұлылар елінде аталмыш бағдарлама арқылы тұрғын үйлер бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Үйлердің еңселі шатырлары мен жарқыраған шамдары аудан орталығының салтанатын арттырып, жаңашылдықпен үйлесіп тұр.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы әсіресе аудандарда тұрғын үй мәселесін шешуге оңтайлы септігін тигізіп жатыр.
Ұлылар мекенінде халықты тұрғын үймен қамту бағытындағы іргелі істер, игілікті бастамалар алдағы жылдарда да жалғасын таба бермек.