Шығыс Қазақстан облысында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында аудандарда баспана құрылысы қарқын алды. Мәселен, Алтай ауданында баспана кезегінде тұрған 20 көп балалы отбасы бар. Қазіргі уақытта осы мәселені шешу үшін аудан орталығында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
10-шы шағын ауданда әлеуметтік осал топтарға арналған бір қабатты үйлер салынуда. Өткен жылы 14 үйдің кілті табысталып, тұрғындар қоныс тойларын жасады. Жоба бойынша салынып жатқан әрбір үйдің жалпы ауданы 89 шаршы метрді құрайды. Асханасы, қонақтарға арналған бөлмесі мен үш жатын бөлмесі бар. Сонымен қоса жуынатын бөлме мен әжетханасы ішінде. Электр желісі мен су құбыры тартылады. Ал қыста орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады. Құрылыс учаскесінің басшысы «қазіргі уақытта шатырларын жауып жатырмыз. Бірнеше үйдің ішін әрлеу жұмыстары басталды. 12 адам жұмыс істеп жүр. Жұмысшылар жеткілікті. Жұмыс жоспарға сай жүргізілуде» дейді.
Әлеуметтік осал топтарға салынып жатқан үйлерді жеке кәсіпкерлер өз қаражаттарына тұрғызуда. Құрылыс аяқталған соң мемлекет әрбір үйдің 1 шаршы метрін 140 000-ға дейін бағалап, сатып алады. Үй салуда құмды блок, евро блок сияқты түрлі материалдар қолданылуда. Алтай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Маматаевтың сөзінше «облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 30 жеке үй салынып жатыр. Меншік иелерінің сатып алу құқығы бар. Алғашқы 10 үйдің кілті – тамыз айында, ал қалған 20 үй қыркүйекте тапсырылады».
Және 10-шы шағын аудандағы Рудный көшесінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Бұлар негізінен сатып алу құқығынсыз, жалға берілетін пәтерлер болады. «Бүгінгі таңда құрылыс материалдары жеткілікті. Өскемен, Семейден әкелінеді. Өскеменнен кірпішті тасып тұрмыз. Күніне бірнеше рейс жасалады. 13 адамнан 2 жұмыс тобы бар. Олар блоктарды қабылдап алып, плитаны жөндеп жатыр. Алдағы аптада тағы 10 адам келеді деп күтіп отырмыз» дейді құрылыс учаскесінің басшысы.
Бұл Алтай ауданындағы соңғы 20 жыл ішінде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан екінші тұрғын үй. Біріншісі 2018 жылы салынып, пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта Алтай ауданында 900 адам үй кезегінде тұр. Көпшілігі 10 жылдан бері баспаналарын сарыла күтіп жүргендер. Олардың 700-ден астамы әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар.