Қазіргі таңда әлемдік экономикада туристік сала – аса жанды және перспективалы салалардың бірі, кейбір елдерде туризм мемлекет кірісінің бірден-бір көзі болып табылады. Бүкіләлемдік туристік ұйымның болжамы бойынша, Қазақстан тұрақты туризмді дамыту үшін болашағы бар елдер қатарында. Барлық туристік нарықта Қазақстанның табиғатына, ландшафтарына және ұлттық мәдениетіне үлкен қызығушылық білдіреді. Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ – Маңғыстау облысы.
Бұл жер шөл даланың керемет ландшафтарының барлық түрін, қарт Каспийдің көкшіл суы мен шексіз құмды жағажайын, көшпелі сәулет өнерінің жарқын да, қайталанбастай үлгілерін, қазақтың алғашқы қауымдық дәстүрлі мәдениетін өзіне сіңіріп алған. Маңғыстауда туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі – өлкенің экономикасын дамыту. Бүгінгі таңда осы сала қызметін тұтынушылардың әлемдік нарығында облыстың туристік ресурстарын белсенді насихаттаудың аса өзекті мәселелерін қарастыру қажет. Маңғыстаудағы тартымды туристік объектілерге тоқтала кетсек...
Каспий теңізі – Қазақстан, Ресей, Әзiрбайжан, Иран және Түркіменстан – бес мемлекетті бiрiктiретiн үлкен тұйықталған су қоймасы . Сондықтан Маңғыстау облысында теңіз туризмін дамыту жобасы мақұлданды. Мамандар өлкеде туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі круиз (кемеге отырып саяхат жасау) және желкенді қайық спортын ұйымдастыру керек деп есептейді. Асау Каспийдің жағасындағы демалыс ұмытылмайтын әсер қалдырады. Жағаға соққан толқынның мейiрiмдi сыбдыры тыныштық орнатады. Теңіз суы тәулік бойында сұр түстен жасыл түске дейін өзгеріп отырады. Қарақия ойпаты – әлемнiң ең терең ойпаттарының бірі. Оның шұңқыры үлкен болып келеді. Ең терең жері – әлемдік мұхит деңгейінен 132 метр төмен. Бұл жерде ойпаттың түбін Батыр деп аталатын көлемдi сор жапқан. Ойпат өткен замандағы мұхит өмірінің қалдықтары бар ашылып қалған қабаттармен молайып отырады. Сонымен қатар Шопан ата, Масат ата, Қараман ата, Шақпақ-ата, Бекет-ата, Темір баба киелі орындары, Форт-Шевченко мұражай қалалары, Үстірттегі Бозжыра шыңы, Марс тәріздес Көкесем жері, Көкала үңгір тауы, Шоманай таулары, Түпқараған жазығы, Сұлтан-үпі сайы, Қаракөл көлі т.б әлі сыры ашылмаған керемет жерлер жетерлік.
Маңғыстау облысын халықаралық іскерлік және туризм орталығына айналдыру керектігін 2011 жылы Ақтауға келген сапарында елбасы Н.Ә.Назарбаев та баса айтқан болатын. Ол үшін турфирмалар арасында ұсынылатын қызмет сапасы мен бағасы жағынан бәсекелестік болуы, басқа қалалар секілді туристерді бірінші өз еліміздің ішінде тарта біліп, шетелге шыққанша жоғарыда аталып кеткен өз елімізде саяхат жасауға болатынын көрсете білу керек.