Маңғыстау облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне арналған отырыс өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.
2017 жылы Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады.
«Бүгінде 16 еуропалық елде, сондай-ақ, Түркия мен Жапонияда медициналық сақтандыруға ұқсас жүйесі қызмет етеді. Бұл елдердегі медицина саласы қазіргі уақытта өте жоғары деңгейде, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы жоғары – 80-85 жасқа дейін деп тіркелген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігінің басты қағидасы – денсаулық сақтауға мемлекет пен жұмыс берушілер секілді, әр азаматтың өзі де жауапты. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін жарна төлейтін болады. Қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады», — деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік сақтандыруды енгізу нәтижесінде, еліміздегі медициналық көмек көрсетудің сапасы артып, дәрігерлердің еңбекақысын арттыру, ауруханаға арнап жоғары сыныпты құрылғылар мен қымбат дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндіктері туады.
Мемлекет кепілдік берілген көлемімен азаматтарға тегін медициналық көмек көрсету бойынша қамсыздандыруын әрі қарай жалғастыра береді. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.
2020 жылға дейін сақтандырылмаған азаматтарға кепілдік берілген көлемімен тегін медициналық көмек көрсету аясында амбулаторлық дәрілермен қамтамасыз етілген амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды.