Маңғыстау облысында ауған соғысының ардагерлеріне Ақтаудағы «Достық үйінен» арнайы кеңсе бөлінді. Ауған ардагерлерінің бұған дейін бас қосатын орындары болмаған еді, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Ардагерлердің айтуы бойынша, енди осы жерде жоспар жасалып, патриоттық тәрбиенің негізі қаланатын болады.
27 жыл бұрын Ауғанстанда болған негізсіз соғысқа Маңғыстау өңірінен 700 жігіт аттаныпты. Оның 50 пайызы ұрыс даласынан мүгедек болып оралған. Сүйегі жат жерде қалғандар да бар. Қазір ауған соғысының ардагерлері өңірдің қоғамдық шараларына белсене араласып жүр. Оларға бөлінген кабинет бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіндік болмақ.
«Көптен күткен қуанышымыз міне бүгін орындалып отыр. 25 жыл күттік осыны. Осы қоғамның үйінен ашқанына, бергеніне бізді осындай құрметтегеніне рахметімізді көп-көп айтамыз Ауған соғысы ардагерлерінің атынан», — дейді «МО Ауғанстан соғысының ардагерлерімен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қартбек Дүйсембаев.
Айта кетсек, түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосқан Достық үйінде 50 адамға арналған мәжіліс залы мен мұражай бар. Мәдени орынды ауған соғысының ардагерлері де пайдалана алады. Енді олар патриоттық тәрбиеге өз үлестерін қосып, көптеген кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Бастысы оларға құрмет көрсетіліп, өтініштері жерде қалмады. Мұндай мүмкіндікке қолы жеткен ардагерлер бұл күнге жетпеген жауынгер достарын еске алуды ұмытпаған.