Соңғы 3 жылда қалада тұрғын саны -11 мыңға, ал ауыл халқының саны -43 мыңға артқан. Қазір Маңғыстау облысын 634 мың адам мекен етеді екен, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Ал, аудандар арасында халық санының өсімі бойынша көш басында Мұнайлы тұр. Одан соң Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданының демографиялық көрсеткіші жоғары. Бұл туралы бүгін қоғамдық кеңес отырысында мәлім болды.
Бүгінде өңір дамуының негізгі индикаторлары тұрақты. Экономикалық даму соңғы 3 жылда 2,3 пайызға өскен. Адам басына шаққанда өңірлік өнім көрсеткіші бойынша Маңғыстау республикада 4-ші орында. Барлық мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен орындалып келеді. Соның ішінде, «Балапан» бағдарламасы жүйелі іске асуда. 6 жылда аймақ бүлдіршіндерін бөбекжаймен қамту 50 пайыздан, 80 пайызға өскен. Сондай-ақ, мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізде 10 балабақша салынбақшы.
«Өздеріңіз білесіңіз Мұнайлы ауданы біздің облысымызда демографиялық, көші-қон көрсеткіші бойынша қарқынды өсіп келе жатқан аудан. Соңғы 3 жылдың ішінде 121 мыңнан 140 мыңға дейін өсті. Сондықтан, біздің тарапымыздан ауданға ерекше көңіл аударылып келеді. Тек соңғы 3 жыл ішінде ауданда бюджеттен әрқайсысы 280 орындық 5 балабақша, және 900 орныдық жекеменшік 10 балабақша салынып пайдалануға берілді», — деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова.
Тағы да айта кететін жайт, халық санының күрт өсуіне байланысты Ақтау мен Мұнайлыда емхана және аурухана жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, алдағы уақытта Мұнайлы ауданында 150 орындық аудандық аурухана салынады. Оған қоса, Ақтаудың 34-ші «а» шағынауданында 300 орындық көпсалалы аурухана мен 34-ші шағынауданында тәулігіне 500 адамды қабылдайтын емхана салу жоспарлануда. Облыс бойынша медицина саласына әлі 200 маман жетіспейді. Кадр тапшылығы өзекті болып тұр.
Осыған орай, Маңғыстау өңірінде халықты жұмыспен қамту мәселесі басты назарда. Жыл басынан 17 мың 837 жұмыс орныы ашылған. Биыл қосымша 311 адам еңбекпен қамтылды. Өңірде жұмыссыздық деңгейі соңғы 3 жылда 5,3 пайыздан, 5,1 пайызға дейін төмендеген. Әлі де азайту үшін жоспарлар жасалып жатыр.