Жасөспірімдер мен жастар арасында деструктивті ағымдардың ықпалының алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы Қазақстан Халықтар Достығы университеті және № 62 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектеп оқушылары және студенттермен «Жасөспірімдер мен жастар арасында деструктивті ағымдардың ықпалының алдын алу» тақырыбында кездесу болып өтті. Кездесуге ОҚО дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің «Әдістемелік қатмасыз ету» бөлім басшысы Ф.Тайтелиев қатысты.
Бұл туралы аталған орталықтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Дін хақында аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Дей тұрғанмен, қоғам өмірінде маңызды орын алатын бұл мәселеге өте мұқият назар аудару қажеттігін дүрбелеңге толы дәуірдің өзі дәлелдеп отыр. Ұлтымыздың мақтанышы ұлы Абай Құнанбайұлы: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенде келер ұрпаққа көп жайттан хабар бергені ақиқат. Сондықтан да бұлар Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мынадай жолдар атап көрсетілгені белгілі: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін - ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», - деді Ф.Тайтелиев кездесу барысында.
Елбасымыз «Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс», - деп шегелеп айтқанын естен шығармаған жөн. Яғни, Мемлекет басшысы мұнда шынайы дін мен сол дінді бетперде еткісі келетіндердің аражігін ажыратып берген.
Кездесу соңында оқушылар мен студенттер өздерінің толғандырып жүрген дін тақырыбындағы сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды.