Оқу орынның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов арнайы барып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтады, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Аталмыш мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған болатын.
«Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қуанышқа кенеліп, жаңа мектепке кіргелі отырсыздар. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Бұл мектеп Елбасының тапсырмасымен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Нұрлы» бағдарламасымен салынды. Келесі жылы үш ауысымда оқыту мәселесі толығымен шешімін табатын болады», — деді облыс әкімі А. Баталов өз сөзінде.
Айта кетейік, мектептің жалпы көлемі - 9859,4 шаршы метр. Ғимараттың құрылыс жұмыстарына, құрал-жабдықтарына барлығы – 1 476,1 млн. теңге, оның ішінде Ұлттық қордан – 1 330,0 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 146,1 млн. теңге бөлінген. Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен қосымша тағы 34 млн. теңге қаражат қарастырылған.
Қазір мұнда 60 ұстаз қызмет етеді. Бүгінгі күні мектеп 750 оқушымен толықтырылып, 30 сынып жиынтығы бекітілген.
Мектепте әдеттегі оқу кабинеттерімен қатар жаңа модификациялық үлгідегі, атап айтқанда лингафонды-мультимедиялық, информатика, химия, физика, биология, алғашқы әскери дайындық, технология және шеберхана кабинеттері жабдықталған. Сонымен қатар 150 орынға арналған асхана және 2 спорт залы, ІІ қабатында 18 оқушыға арналған оқырман залы, 13 компьютермен жабдықталған кітапхана, 296 орындық мәжіліс залы орналасқан.
Салтанатты шарадан кейін мектеп ауласына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 ақ терек отырғызылып, 17 шырша, 800 түп раушан гүлдерімен және де басқа ағаш түрлерімен абаттандырылды.