Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қайырымдылық жәрмеңкесі өткен болатын, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Аталмыш жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары және тәттілер сатылымға қойылды. Сондай-ақ спорттық ойындар ойнатылып, балалар өз өнерін көрсету арқылы қаражат жинады.
Шарадан түскен қаражат Маңғыстау облысындағы қарапайым отбасынан шыққан оқуда озат, өнерлі үш баланың EXPO-2017 көрмесіне баруына жолдамаға және «Мейірім өскіні» атты еріктілер қорының кішкентай бүлдіршіндерге жаңа жыл қарсаңында ойыншықтар сатып алуына жұмсалады. Жәрмеңкені ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның өтуіне оқушылардың өтініші себеп болған.
«Мұндай қайырымдылық шара былтыр да ұйымдастырылған болатын. Ол кезде акция бір аптаға созылды. Түскен 230 мың теңгені жинап, көмекке мұқтаж екі адамға бердік. Оның бірі-Ақтау қаласында тұратын Айзере атты кішкентай қыздың, екіншісі-көмекке мұқтаж көкшетаулық бүлдіршіннің еміне жұмсалды. Осындай қайырымдылық акциясының дәстүрлі түрде жалғасын тауып, ата-аналардың және ұстаздарымыздың белсенді қатысқанына бізді қуантады. Мектеп үйірмелеріне қатысатын оқушыларымыз да домбыра, гитара, әртүрлі аспаптарда ойнап, өнерлерін көрсетіп, сол арқылы да қаржы жинап жатыр. Бұған дейін біздің мектептің оқушылары «Мейірім өскіні» атты еріктілер тобын құрды. Бұл топ көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берумен айналысады. Топ мүшелері де жәрмеңке ұйымдастыруға бастама көтерген болатын. Сондықтан да бұл шара біздің мектептің жоспары сай және «Мейірім өскіні» атты еріктілер тобының бірігуімен өткізіліп отыр», — дейді Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектеп интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Шара ұйымдастырушылардың айтуынша, түске дейін қолөнер бұйымдарының 60%-ы сатылып кетті. Оқушылардың қолынан шыққан бұйымдарға қызығушылық танытқандар көп болды.
Қайырымдылық шарасынан түскен 405 мың теңге қарапайым отбасынан шыққан оқуда озат, өнерлі үш баланың EXPO-2017 көрмесіне баруына жолдама алу үшін және «Мейірім өскіні» атты еріктілер қорының кішкентай бүлдіршіндерге жаңа жыл қарсаңында ойыншықтар сатып алуына жұмсалатын болады.