Оңтүстік Қазақстан облысында тек ұлтаралық емес, дінаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар да өткізіліп келеді. Бұл туралы ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директоры міндетін атқарушы Мәди Бесбаев Түркістанда өткен «Дін – бірлікке бағыттайды» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында мәлімдеді.
- Конфессияаралық келісімді нығайтуға облысымыздағы барша конфессия өкілдері қатысып, атсалысып келеді. Мәселен, 18 қазан – Рухани келісім күні қарсаңында облыс әкімінің кубогі үшін конфессия өкілдері арасында шағын футболдан турнир өтті. Сонымен қатар, басқа да спорт түрлерінен достық кездесулер ұйымдастырылып келеді.
Жоғарыда айтылған, жасалынған іс-шаралардың барлығы елдің тыныштығы, бірлігі, ынтымағы үшін жасалуда екенін ұмытпағанымыз жөн, - деп атап өтті дін маманы.
Айта кетейік, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ жыл басынан бері облыс аумағында 3 мыңнан астам кездесу өткізіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жаңа оқу жылы басталысымен өңірдегі барлық мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында болып, жастар арасында дәстүрлі емес ислам ағымдарының залалы туралы семинар дәрістер өтті.
Сонымен қатар, кездесулер облыс аумағындағы түрмелерде де ұйымдастырылған. Діни көзқарасы үшін сотталғандар және деструктивті ағымдарды қолдаушылармен болған кездесулерге ҚМДБ өкілдігінің имам-молдалары да тартылған.
Ал, күні кеше Түркістанда аяқталған залықаралық конференцияға түркі тілдес елдердің діни ғалымдары мен қоғам қайраткерлері келіп, аймақтағы экстремизм мәселесін шешудің жолдарын қарастырды. Олар радикалды ағым өкілдеріне бірлесе күш жұмсауға уағдаласты.