суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
446.49
icon
475.38
icon
4.79
Алматы:
icon
20oC
Астана:
icon
18oC
1xadv
×

Шымкенттегі медициналық құрал-жабдық шығаратын кәсіпорын қызмет көрсету аясын кеңейтті

Шымкенттегі «Алькамед» ЖШС-нің 50-ге жуық қызметкері ұйымшыл отбасы сияқты. Интернационал әрі жоғары білікті ұжым мүшелері бір-бірін ерекше құрметтейді. Сондай-ақ өздері еңбек ететін, 2016 жылдың ұлттық бизнес-рейтингі бойынша даму қарқыны жағынан Қазақстан кәсіпорындары арасында «Сала үздігі» атанған компанияны мақтан тұтады. Ал «Алькамед» компаниясының құрылғанына небәрі төрт жыл болды.

Бүгінде компания медициналық құрал-жабдықтар мен шығыс материалдарын, дәрілік өнімдерді емдеу мекемелеріне арнап жиһаздар шығарады. Шымкент қаласы мен облыс бойынша «Алькамед» дәріханалар желісі құрылды. Екі жыл бұрын компания жиһаз шығаратын цех құрды. Цехта денсаулық сақтау, білім мекемелеріне қажетті дүниелер шығарылады. Компанияның еншілес ұйымдары бар. Негізі оны құрған бас директоры Қанат Сарбасов компанияны холдинг пен корпорацияға айналдыруды жоспарлап отыр. Ұлттық медициналық жабдық өндіруші мәртебесін алуды да ойлайды.

«Компания құрылған кезде бұл туралы ешкім білген де жоқ. «Біз шағын ұсыныстарды жүзеге асырудан бастадық. Баға саясатындағы тартымдылық пен шапшаңдыққа көңіл бөлдік. Өзім басшы ретінде адамдармен жұмыс істей алатын, оларды іскер серіктеске айналдыра білетін жоғары кәсіби білікті топ-менеджерлерге басымдық бердім», – дейді Қанат Жолбарысұлы. Ол бір орыннан жылжымау – жеңіліс деп есептейді. Ал кімнің қолында ақпарат бар, сол әлемді билейді. «Сондықтан біздің мамандар жаңа өндірушілер, тасымалдаушылар, мүмкіндігі жоғары серіктестер, саладағы барлық инновация туралы біліп отыру үшін үнемі әлем ахуалын назарда ұстайды», — деп тәжірибесімен бөлісті ол.

Оның айтуы бойынша, бүгінде «гугл» не «яндексте біздің компания медициналық жабдықтармен айналысушы фирмалар арасында көп ізделгендердің көшін бастап тұр.

«Сайтымызға жүгінушілер де көп. Біз ұдайы Алматы, Астана, Дубайда өткен көрмелерге қатысып тұрамыз. Сол жерде жаңа технологиялар туралы білеміз, жаңа тасымалдаушылар, сатып алушылар іздейміз. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру маңызды. Оларды біз алыс-жақын шетелдерге жіберіп, оқытып жүрміз. Біраз танылған соң енді басқа да бағыттарда жұмыс істей аламыз. Нысандарды жиһаз, жабдықтармен қамтамасыз етуші ретінде біздің ЖШС-ні жиі таңдайтыны қуантады. Бұл баға саясатындағы оң қадамымыз болса керек. Бізбен бір мәрте байланыс құрған компаниялар кейін тұрақты тұтынушымызға айналады. Ал біздің үздіктер қатарынан көрінуімізге бірден-бір себеп – заңды міндеттемелерді толық әрі уақытылы орындауымызда», — дейді ол.

Кадр бәрін шешеді. Әрине, әрбір қызметкердің өзіне жүктелген функционалды міндеттемесі бар. Дегенмен, егер жақсы жоба және тығыз уақыт берілсе, оны біз асар әдісімен ауызбірлікпен атқарамыз. Менің қарамағымдағы қызметкерлердің ұйымшыл болуының себебі – мен олардың әрқайсысын құрметтеймін, бес саусағымдай білемін. Бәріміздің илеп жүргеніміз – бір терінің пұшпағы. Уақытымыздың көп бөлігін бірге өткіземіз. Сондықтан ұжым – үлкен отбасы. Біз мерекені бірге атап өтеміз, бір-бірімізді ерекше ықыласпен туған күнімізбен құттықтаймыз. Басына іс түскен әріптес болса, міндетті түрде көмек беріледі. Адам үйінде, жеке өмірінде ештеңеге алаңдамаса, ісі алға басады емес пе?! Біздің қызметкерлер асханадан компания есебінен, тегін тамақтанады. Оларға іссапар шығыны, іскерлік келісімдерді ұялы телефон арқылы жүргізгенінің ақысы төленеді. Ал жақсы жұмыс істегендерге үстеме ақы беріледі. Жалақы да жоғары.

«Жаңадан кәсіп бастаушыларға айтарым, егер табысты компания құрғың келсе, мамандарға бар жағдайды жасау керек. Сол кезде олар бар ынтасымен жұмыс істейді. Айтпақшы, банк займына қатысты кеңес: сіздің бизнес-жоспарыңызда қандай қаржы қажет делінсе, дәл сол мөлшерде алыңыз. Өйткені ақша тез жұмсалады. Ал оның орнын толтыру оңай емес. Тек дұрыс экономикалық есептеулер ғана шығыннан құтылып, табысты болуға жол ашады», – дейді Қ.Сарбасов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0