Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының бірқатар қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Талдықорған қалалық ішкіістер басқармасының бастығы Ерлан Сансызбаевтың атынан 11 қызметкер алғыс хатпен марапатталып, 34 тәртіп сақшысына алғыс жарияланып, 7 полицейге өздерінің кезекті арнайы атақтары берілді.
Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары Асқар Тұтыбаев шаһар басшысы атынан өздеріне жүктелген жұмыстарында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, кәсіби шеберліктері мен біліктіліктерін танытқан 10 қызметкерді марапаттады.
«Ішкі істер органының қызметі - бұл өте қиын және жауапты мамандықтардың бірі. Полиция қызметкері күн сайын өзінің денсаулығымен, кей жағдайда өмірін тәуекелге салып, қылмыстан қоғамды қорғайды. Сіздер әрқашан құқықтық тәртіпті, қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біздің еліміздің маңызды мемлекеттік институты болып табыласыздар. Талдықорған қаласының әкімі мен әкімдік аппаратының атынан Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!» — деп атап өтті Асқар Тұтыбаев.
Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.