суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
446.49
icon
475.38
icon
4.79
Алматы:
icon
23oC
Астана:
icon
23oC
1xadv
×

Ералы Тоғжанов маңғыстаулық дарынды жастармен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің дарынды жастарымен кездесті. Кездесуге спорт, білім мен ғылым, мәдениет салаларында жетістікке жетіп, қатарынан оза шапқан 120 өршіл жас қатысты, деп хабарлайды NewTimes.kz.

«Бүгін тәуелсіз Қазақстанның білімді әрі талантты ұл-қыздарын көріп, қуанып отырмын. Әрбіреуі мақтануға тұрарлық жеке тұлға. Бүгін осы жерде сөйлеген барлық бала ата-ананың сенімін ақтаған перзенттер екенін мақтанып айтуға болады. Бойларыңызда қаншама рух бар, қаншама білім бар, соны тек дұрыс мақсатта жұмсай біліңіздер», — деген өңір басшысы Ералы Тоғжанов ертеңгі елдің тізгіні қандай ұрпақтың қолында болатынына көз жеткізгенін, жастардың бойындағы өнері мен біліміне тәнті болғанын айтты.

Аймақ басшысымен кездесуге шақырылғандардың қатарында Эдип Ахвердиеви бар. Талантты өрен қазақ, орыс, ағылшын, түрік, әзірбайжан, грузин тілдерін еркін меңгеріп, алты тілде ойын еш қиналмай жеткізеді. Одан бөлек республикалық пәндік олимпиадада ағылшын тілінен алтын жүлдені, түрік тілінен күміс жүлдені еншілеген және республикалық байқауда «Полиглот» аталымының иегері атанған.

«Тіл үйрену мен үшін аса қиын болған жоқ. Әр адамның білсем, үйренсем деген ынтасы болса, барлық тілде де еркін сөйлеуіне мүмкіндігі болады деп есептеймін. Мен әр тілде кітаптарды көп оқимын, сол мемлекеттің тарихымен жақын танысуға тырысамын. Тіл үйрену арқылы әлемің кеңейе түседі. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағиданы қатты ұстанамын. Достарыммен таза қазақ тілінде сөйлесемін», — дейді білім-инновация лицейінің 9-сынып оқушысы Эдип Ахвердиеви.

Сахна мінберіне көтеріліп, жетістіктері жайында әңгімелеген Мұнайлы ауданы №9 орта мектептің оқушысы Ибраһим Дәулетбаев болашақта құқық қорғау саласында еңбек етіп, мектепті «Алтын белгімен» аяқтауға ниетті екенін айтты. Білім мен спортты ұштастыра білген дарынды жас бос уақытында өлең жазып, шығармашылыққа ден қояды. Астана қаласында өткен «Менің елім-Мәңгілік ел» республикалық оқушылар мүшәйрасында бірінші орыннан көрініп, Тараз қаласында өткен «Ақберен» шығармашылық байқауында топ жарып, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтан бата алған.

Кездесуде білім-инновация лицейінің оқушылары Мырзабек Танжарбаев пен Мақсат Махамбет «Күн мен желден алынатын тегін энергия», Мұнайлы ауданы Қызылтөбе лицейінің оқушысы Гүлжазира Қалиева «Жерасты ыстық суынан энергия алу», Олжас Сәрсенғали «Теңіз толқынынан энергия алу» тақырыптарында ғылыми жұмыстарын таныстырды.

Дарынды жастарға облыс әкімінің атынан миллиардтардың жүрегін жаулап, әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенов жайында жазылған белгілі ақын Оңайгүл Тұржанның «Димаш» эссе-кітабы мен нетбук табысталды.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0