пятница, 19 апреля 2024 г.
icon
448.89
icon
477.93
icon
4.76
Алматы:
icon
11oC
Астана:
icon
13oC
1xadv
×

«KAZAKH INVEST» экономиканы әртараптандыруға үлес қоспақ

Биылғы наурыз айында Елбасының шешімімен  «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ құрылған еді. Ол елімізде инвестицияға қолайлы жағдай жасау, шетелден инвестицияларды тарту және әріптестік байланыстарды нығайту бағытында жұмыстанбақшы, деп хабарлайды NewTimes.kz.

1 шілде күні аталмыш компанияның басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев Батыс Қазақстан облысына келген болатын. Облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездескен ол «KAZAKH INVEST» экономиканы әртараптандыруға және оның дамуы үшін шетелдерден инвестицияларды тартуға жете мән беретіндерін айтты.

-Қазір жер шарында 2 триллион доллар шамасында қаржы айналымы бар. Соны елімізге тарту үшін де инвесторларға қолайлы жағдай жасағанымыз жөн. Елбасының талабы бойынша елге келген инвесторларды жобаларды жүзеге асырғаннан кейін де ұстап қалу маңызға ие. Жаңа инвесторды тарту бұрыннан жұмыс істеп жатқан инвесторды ұстап қалудан үш есе қымбатқа шығады.  Сондықтан біз – шетелдік  инвесторларға және олардың жаңа жобаларды бастауына қолайлы жағдай жасау үшін құрылған компаниямыз. Бұрын қолға алынған, жұмыс істеп жатқан және жаңа жобаларға жағдай жасау үшін жұмыс істейміз. Бұрыннан жобалары бар шетелдік инвесторлардың елімізде қалып, одан әрі жобаларын кеңейтуіне және инвестиция құйып, жаңа жұмыс орындарын ашуына мүдделіміз, - деді Б. Қанешев.

Өз кезегінде сөз алған Алтай Көлгінов Елбасының тапсырмасына облыс басшылығының алдында инвестиция тарту, өңір экономикасын одан әрі дамыту үшін орта және шағын бизнесті қолдай отырып,  шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді жою, бірлескен кәсіпорындар құру міндеттері тұрғанын айтып өтті. Соған сәйкес Оралда мұнай химиясы саласында Иранмен бірлескен кәсіпорын құрылып, жұмысын бастады және зауыт құрылысы жүруде. Фин компаниясымен де бірлескен кәсіпорын құрылды. Сингапурлықтармен де жұмыстар жүруде.

«KAZAKH INVEST» компаниясының әр өңірде өкілдіктері жұмыс істеуде. Сондай өкілдік Оралда да ашылды. Олар жобаларға алғашқы баға береді, инвесторлармен жұмысты күшейтеді және жергілікті деңгейде инвесторлардың барлық түйткілді мәселелерін шешуге, жергілікті құрылымдармен үйлестіруге қам-қарекет жасайды. Жиын барысында БҚО бойынша өңірлік директоры болып бектілген Азамат Бисенов таныстырылды.

Аталмыш компанияның құрылғанына 100 күн толуына орай таяуда Оралда қаласында брифинг ұйымдастырылған еді. Оған қатысқан аталмыш компанияның өңірлік директорының айтуынша, «KAZAKH INVEST» басшылығы осы уақыт аралығында жаңа бизнес-жобаларды ашу мақсатында шетелдік инвесторлармен 90 кездесу өткізген. Соның нәтижесінде экономиканың басым секторлары бойынша шетелдік компаниялармен  ынтымақтастық туралы 22 келісімге қол қойылды. Олардың қатарында Түркия, Германия, АҚШ сынды мемлекеттердің алты  трансұлттық компаниясы бар. Қазақстанда ауыл шаруашылығы, фармацевтика, инфрақұрылым салалары бойынша өз бизнесін жүргізуге көптеген шетелдік инвесторлар қызығушылық білдіруде.

-Компаниямыздың өңірлік директоры болып тағайындалған адам облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін де атқарады. Сол себепті директорлар қажет кезінде инвестиция ахуалына қатысты өзекті мәселелерді өңір басшысы деңгейінде шешу өкілеттілігіне ие. Бұл құзірет қысқа мерзімде инвестор мүддесін қорғап, әкімшілік кедергіні азайтуға мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан облысында қызметімізді бастағанымызға бір апта болды. Осы уақыт аралығында «Жайықмұнай», «Топан», «Пуш Руно» ЖШС-ларының өкілдері виза алу мәселесімен жолықты және өндіріс қызметіне пайдаланылатын күрделі қоспаларды сатуға сертификат рәсімдеп беруді сұрады. Біз аталған мәселелерді ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің назарына ұсына отырып, заңнама аясында шешімін табуға көмектесудеміз. Алдағы уақытта облыста Иран инвесторлары жергілікті «Топан» ЖШС-мен бірлесіп, мұнай компаниялары үшін қажет химикаттарды өңдеу зауытын ашпақ. Биылғы жыл соңына дейін «Асар» ЖШС жүн өңдеп, теріден киім дайындайтын зауытты іске қосуды жоспарлауда. Аталған серіктестіктің жобаға жұмсайтын капиталында шетелдік инвестордың үлесі бар. Жалпы алғанда, облыстың инвестициялық әлеуеті зор,-дейді Азамат Ғимранұлы.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0