четверг, 25 апреля 2024 г.
icon
443.85
icon
474.3
icon
4.8
Алматы:
icon
16oC
Астана:
icon
-0oC
1xadv
×

Батыс Қазақстанда жаңа форматтағы полиция қалыптаспақшы

Батысқазақстандық жергілікті атқарушы билік құқық қорғау органдарымен және мемлекеттік құрылымдармен бірге азаматтардың мүддесін қорғауға, қылмыс түрлерін мүлдем азайтуға,  халықты мазалап отырған мәселелердің оң шешімін табуына ұйытқы болуда. Осыдан-ақ өңірде құқықтық жүйенің үйлесімін тапқанын көруге болады, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Ақ Жайық өңіріне жасаған сапары кезінде ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров облыстағы құқықтық жүйе ахуалын осылайша бағалады. «Мен бір басылымнан облыстың Қазталов ауданы Бостандық ауылының учаскелік инспекторы Әділбек Ғазизов туралы мақала оқыдым. Тұрғындар бұл азаматтың жұмысы жөнінде жылы лебіз білдірген. Оның жұмысымен таныссақ, пәлендей құпия жоқ. Яғни ол өз аумағын жиі аралап, ұсақ қылмыспен жүйелі күрескен. Бірте-бірте оның жұмысы нәтижелі бола түскен. Сөздің шыны керек, БАҚ-та құқық қорғау органдары, соның ішінде ішкі істер органдарының қызметкерлері туралы жылы сөз жиі айтыла бермейді. Алайда, қоғамда адал, өз ісіне жауапты полиция қызметкерлері бар. Осы өңірде де ерлігімен, өжеттігімен танылған, көпшіліктің сеніміне ие болған полиция қызметкерлері аз емес. Оларды Елбасы тапсырмасымен қолға алынға «100 жаңа есім» жобасына ұсыну да полиция қызметкерлерінің беделін биіктететіні анық. Мәліметтерге көз жүгіртсек, БҚО-да 2016 жылы жергілікті полиция қызметін дамытуға 1,5 миллиард теңге бөлініп, 50 қызметтік көлік, бейнекамералар алынған екен. Осының барлығы полиция жұмысының нәтижелілігін арттырады. Алайда барлығын кадрлар шешетінін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан білім мәселесі бірінші тұруы қажет. Облыстағы жергілікті полиция қызметінде қызмет ететін адамдардың төрт пайызы арнайы оқудан өткен. Жаңа форматтағы полицияны қалыптастыру үшін оларды оқыту ісін жандандыру қажет», - деді Н. Ахметзакиров.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде қылмысқа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру,  қылмысты азайту, оны алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі жолға қойылғанын баяндады. Мәселен, қазіргі уақытта жергілікті полицияның  материалдық-техникалық базасын нығайтуға, тиісті құрал-жабдықтармен қамтуға  жете мән берілуде. Өткен жылы қызметтік көліктер алынса, биыл Оралда мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі шеңберінде қылмысты азайту мақсатында бейнебақылау камералары орнатылуда. Одан бөлек 50 қызметтік көлік сатып алынады. Облыс орталығында жедел басқару орталығы (ЦОУ) ғимаратының құрылысы басталды.

Осынау жиынға қатысқан БҚО прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтың айтуынша, полиция қоғамның адал көмекшісіне айналуы тиіс. Сондықтан полиция қызметкерлерінің білім-білігін жетілдіру оларды сол деңгейге жеткізбек. Академияда мықты, тәжірибелі маман-оқытушылар құрамы бар. БҚО ішкі істер департаментінің бастығы Мақсұтхан Аблазимовтың сөзіне қарағанда, 102 нөміріне күніне 200-300 хабарлама түседі, олардың бірде-бірі қараусыз қалмайды. Полиция қызметі - қауіп-қатерлі қызмет.  «Биыл Қазақстан полициясына 25 жыл толды. Осы мерзім ішінде бейбіт өмірде қызметтік міндетін орындау барысында еліміз бойынша 700-ден аса полиция қызметкері қаза тапты, екі мыңнан аса қызметкер жарақат алды. Ақ Жайық өңірі бойынша 30-дан аса қызметкер қаза болды. Міне, осындай жағдайлардың алдын алу, мамандардың біліктілігін арттыру, түрлі жағдайларда өзін ұстауы, қорғануы, халықпен тілдесуі мәселелерін үйретуді қолдаймыз, бірге жұмыстанамыз», - деді Мақсұтхан Аблазимов. Ал БҚО жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин жеке құрамды қолданыстағы әкімшілік, қылмыстық заңнамаларды сауатты пайдалану, тұрғындармен сыпайы сөйлесу мәдениетіне, қылмыстың алдын алу, қылмысты ашу бағытында оқытса қызметкерлердің кәсіби біліктілігі артатынына сенім білдірді.

Басқосу соңында облыстағы полиция қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын арттыру, ақпараттық, талдау, әдістемелік саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға облыс әкімі Алтай Көлгінов пен аталмыш академия ректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров қол қойды.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0