Түзеу мекемесінен жазасын өтеп шығып, қоғамдық өмірмен қабысу үшін шымкенттіктер бүгінде қайта даярлаудан өтіп жатыр, деп хабарлайды NewTimes.kz.
«Еңбекші ауданынан 10 азаматты, Абай ауданынан 15 азаматты оқуға жолдадық. Әл Фараби ауданынан да 15 адамды кәсіби оқуға жібердік. Үш айлық оқу оқығандарға 16 500 теңге стипендия тағайындалған», — дейді Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Тұрғын Мақсат
Бүгін ашылған орталықтың пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардың қоғамға бейімделуіне септігі мол болмақ. Мұнда білім алуға сеп болып қана қоймай, медициналық, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек де көрсетіледі. Сөйтіп қоғамдық өмірге қайта даяурлауға зор мүмкіндік.
«Басты мақсат — олар ертеңгі күні қайта қылмыс жасамауы керек. Оңалту, оқыту, бизнеспен айналысуға жағдай жасау, кәсіптерін дөңгелетуге сеп болу маңызды. Қоғамның бір мүшесі ретінде қалыпты өмірге етене араласып кетуі керек», — деп атап өтті облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров.
Уәкілетті орган өкілдерінің барлығы бір жерде көмек көрсететін орталық барлық қажетті жабдықтармен жарақталған. Жасақталған тұрақты топтар күнделікті қызмет ететін болады.