суббота, 27 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
4oC
Астана:
icon
4oC
1xadv
×

Асхат Шахаров: «Жастар озық идеялардың қозғаушы күші»

Зеленов ауданында жастар саясаты жүйелі түрде жүргізіліп жатқанымен, бұл бағытта шешімін таппай келе жатқан мәселе де жоқ емес. Солардың бірі - кей жастардың деструктивтік діни ағымдардың белсенді мүшесі болуы және жастар арасындағы жұмыссыздық пен кадр тұрақсыздығы, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Бұл туралы БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың кезекті алқа отырысында Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров мәлімдеді.

«Жастар озық идеялардың қозғаушы күші. Жастар қоғамдық пікірді, қай бағытта жүйелі жұмыс жасау керектігін атқарушы билікке тиімді жеткізе алады. Олардың бойындағы мұндай қасиет негізінен осынау басқосулар кезінде қалыптасады әрі осындай жиындар жастарды қандай мәселелер толғандыратынын айқындап береді. Жалпы жастар биліктің сенімді серігі. Жоғарыда айтып өткен мәселелермен аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық күнделікті  жұмыстануда. Нәтиже де жоқ емес. Қоғамның түрлі саласында жоғары белсенділігімен танылып келе жатқан жастарымыз біздің мақтанышымыз. Олардың бірақатары спорт, мәдениет, бизнес салаларында зеленовтықтардың абыройын асқақтатып  жүр», — деді аудан басшысы.

Аталмыш ауданда ұйымдастырылған жиында баяндама жасаған Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Рауан Сатыбалдиевтың сөзіне қарағанда, орталық негізгі күшті жұмыссыз жастарды еңбекке тартуға жұмсауда. Мәселен, қазір аудан орталығы маңындағы Ешкітау басынан аққан бұлақтың айналасын көгалдандыру ісіне жұмыссыз жастар жұмылдырылған.

Әр аудандағы жұмыстарды саралаған БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының орынбасары Альфия Жақсығалиева «Болашағың өз қолыңда», «Жас маман» жобаларына жастарды қамту бағытында кемшін тұстар жөнінде айтып өтті.

Жиын барысында көтерілген мәселенің бірі – жастардың еңбек жасақтарындағы жұмысына байланысты алатын жалақылары тек «Қазпошта» арқылы берілетіндігі. Ақша түскен кезде соның салдарынан «Қазпошта» ғимаратындағы банкоматтарда ұзын-сонар кезек пайда болады. Бұл көпшілікке ыңғайсыздық тудырады және  алтыннан да қымбат уақытты рәсуалайды. Құзырлы құрылым басшылары бұл мәселе оң шешімін тауып жатқанын айтты. Енді жастар еңбекақыларын «Астана банкінің» банкоматтарынан да ала алады.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабының жетекшісі Қанат Досмағамбетовтің сөзіне қарағанда, жазғы демалыс уақытында ақша табам деген әрбір жас қазірден бастап құжатын реттеп, уақтылы тапсырулары қажет. Әйтпесе, бір адамның салғырт-салақтығы кесірінен жүздеген студент қаражатын уақтылы ала алмай жүретін жағдайлар кездесіп тұрады. Сонымен қатар орман шаруашылықтары бар ауданда тұратын жастар ондағы шаруашылық құрылымдарына барып, жұмыс күшін ұсына алады. Бұл бағытта тиісті келісімдер жасалуда.

«Бізге жүктеліп отырған міндет зор. Әрбір оңды ісіміз де, олқылықтарымыз да өңірдегі, республикамыздағы жастар саясатына өз әсерлерін тигізді. Сондықтан қолға алынған әрбір істі жүйелі және сапалы орындау керек. Жоспардағы барлық іс уақтылы жүзеге асқаны жөн», — деп жиынды түйіндеді БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0