среда, 24 апреля 2024 г.
icon
444.32
icon
473.33
icon
4.76
Алматы:
icon
22oC
Астана:
icon
11oC
1xadv
×

БҚО-да жас мамандар «жәрменкесі» өтті

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті еңбек нарығының талаптарына жауап беретін кәсіби құзыретті мамандар дайындауда. Сол себепті аталмыш ЖОО-ның түлектері жұмыссыз қалмайды, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Таяуда М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да өткен «Мансап күні» шарасында бұған көпшіліктің көзі жетті.

«Университетіміздің 85 жылдан астам тарихы бар, ол еліміздің батыс өңіріндегі ең үлкен білім ордасының бірі болып табылады. Біз студенттерді көп тіл меңгерген,  компьютерлік жаңа технологияларды пайдалана білетін бәсекеге қабілетті маман етіп дайындаудамыз. Оқу орны 400-ден астам әр түрлі мекеме-кәсіпорынмен меморандум жасасып,  келісімшартқа отырды.

 Бүгінгі шарамыз негізінен «Экономика», «Есеп және аудит», «Қаржы», «Туризм», «Экология»  және тағы басқа педагогикалық емес мамандықтарды меңгерген студенттеріміздің жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді мақсат етіп отыр.  Санаулы күндерден кейін университет қабырғасынан ұшқалы отырған бұл жастар қоғамнан өз орындарын табарына сенім мол»,  – деді шарада сөз алған аталмыш ЖОО-ның проректоры Ғалия Жүсіпқалиева.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне облыстағы мекеме-кәсіпорындар, мұнай-газ компанияларының, екінші деңгейлі банктердің 50-ге жуық өкілі келді. Жұмыс берушілермен тікелей жүздесуге мүмкіндік берген жәрмеңкеге 360 студент қатысты.

Орал қалалық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Нұргүл Қабденованың айтуынша, облыс орталығында БҚМУ түлектеріне сұраныс жоғары. Жастар практикасына қатысатын осынау оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың жетпіс пайызы сол жұмыстарында тұрақтап қалады. Бұл жоғары көрсеткіш.  Бүгінгі шарадан жұмыспен қамту орталығына түрлі мамандықтар бойынша 50-ден астам түйіндеме түскен.

Қолдарына түйіндемелерін ұстаған түлектер өздерінің мамандықтарына сай келетін мекеме-кәсіпорын өкілдеріне жолығып, толғандырған сауалдарына жауап алды. Әсіресе, ҚПО б.в. компаниясының, банк филиалдары мен қалалық жұмыспен қамту орталығы өкілдерінің қасында жастардың қарасы мол болды. Жәрмеңке соңында ұсынылған жұмыс орындарына 422 түйіндеме тапсырылыпты.

«Шараға тұрақты жұмыс орнын табу үшін арнайы келдім. Төрт мекемеге түйіндемемді тапсырдым. Ондағы қызметкерлердің айтуынша, бұл жұмыс орындарында жас мамандарға қолайлы жағдай туғызылады. Жалақысы да жаман емес. Енді бұйыртса, төрт-бес жыл бойы оқыған-тоқығанымды ел игілігіне жұмсайтын боламын», – дейді БҚМУ жаратылыстану-география факультетінің 4-курс студенті Сымбат Аманжолова.

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0