вторник, 23 апреля 2024 г.
icon
445.66
icon
474.58
icon
4.78
Алматы:
icon
18oC
Астана:
icon
16oC
1xadv
×

Оралдың «сары қазағы»: Достығымыз бен татулығымыз нығая берсін

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанатының жетекшісі, «Яик» казак фольклорлық-этнографиялық орталығының басшысы Игорь Спиридонов - қазақ халқына бір табан жақын жан, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Мемлекеттік тілді жақсы білетін, түрлі жиын-шараларға ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген костюм киюді әдетке айналдырған ол өзінің үшінші жұртын да қазақ халқынан таңдаған екен.

«Қайын атам мен енем өте қарапайым, бауырмал жандар. Оралда тұрғандықтан жиі кездесіп тұрамыз, мерекелерде, қонақтықта бас қосамыз. Ол кісілер мені туған баласынан кем көрмейді, сыйлайды. Зайыбым Анжелика екеуміз екі жақтың ата-анасына да бірдей қараймыз. Қонақ шақырғанды, өзіміз де қонаққа барғанды жақсы көреміз. Елімізде аталып өтілетін «Наурыз», «Құрбан айт», «Рождество», «Пасха», «Сабан той» сияқты мейрамдардың барлығы да біздің «ассамблеялық отбасы» үшін аса маңызды. Достарымыздың қатарында орыс, қазақ, татар, украин және т.б. өзге ұлт өкілдері өте көп. Біз, қазақстандықтар адамды ұлтына, ұстанымына, діни сенім-нанымына қарамастан, туыс-бауыр, дос-жаран ретінде құрметтейміз. Меніңше, еліміздің және әрқайсымыздың жетістігіміздің басты құпиясы – еліміздегі ауызбіршілік пен ынтымақта», — дейді ол.

Орал қаласында дүниеге келген Игорь балабақшада да, мектепте, ЖОО-да қазақ балаларымен бірге жүрді, қазақ достары көп болды. Сөйтіп қазақ тілін қиындықсыз меңгерді. Ендігі мақсаты – тілдік дағдысын жетілдіріп, қазақ тілінде емін-еркін ойлап, таза сөйлесетін деңгейге жету. Ол үнемі айналасындағы өзге ұлт өкілдеріне «Тағдырларыңды Қазақстанмен байланыстырғыларың келсе, ең алдымен мемлекеттік тілді білулерің керек» деп айтып жүретін көрінеді. Өйткені Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеу ұят. Шын ниетімен үйренгісі келген адамға қазақ тілінің еш қиындығы жоқ.

«Ұлттық үлгідегі костюмдерімді жергілікті дизайнерлерге арнайы тапсырыспен тіктірдім. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларына, мерекелік шараларға, түрлі форумдар мен кездесулерде киіп жүремін. Өзіме қатты ұнайды. Өзге мемлекеттерге барғанда шетелдіктер ұлттық киімдеріме қатты қызығып, ою-өрнектердің қандай мағына беретінін білгісі келеді. Әр оюдың мән-маңызы, жалпы, қазақ халқының сәлт-дәстүрі туралы қал-қадірімше түсіндіріп, айтып беруге тырысамын. Шет мемлекеттерде әдетте Қазақстаннан келген барлық адамды, мейлі оның ұлты орыс, әлде беларусь болсын қазақтар деп қабылдайды. Сондықтан Қазақстан туралы сұрағысы келсе, «сендерде қазақтарда қалай?» (как у вас у казахов?) деп сұрайды. Осындай сәттерде ерекше толқып, Елбасы Н. Назарбаевтың «бір халық-бір ел-бір тағдыр» деген идеясының маңызды екеніне сан мәрте көз жеткіземін. Осы сәтті пайдаланып отандастарымды алда келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Достығымыз бен татулығымыз нығая берсін, әр шаңырақта береке мен мереке орнасын!» — дейді Оралдың «сары қазағы».

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0