воскресенье, 5 мая 2024 г.
icon
444.14
icon
477.05
icon
4.85
Алматы:
icon
17oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Жайық жастары сапарға шықпақ

Ақжайықтық жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында «Елім менің» коалициясы құрылған еді. Оның ұйымдастыруымен облыста қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған түрлі шаралар өтуде, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Таяуда өткен коалицияның кезекті отырысында жақында жүзеге асатын жаңа жобалар сөз болды. Солардың бірі - «Еліме саяхат» тарихи-танымдық экспедициясы.

«Тарихи маңызы бар жерлерді аралап көру арқылы ата-бабаларымыздың ұлылығын сезініп, өзіміздің кім екенімізді бағамдай аламыз. Осы мақсатта облысымыздың жастары «Еліме саяхат» тарихи-танымдық экспедициясын ұйымдастырғалы отыр. Алғашқы сапарымызды еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан, Шымкент шаһарларынан бастамақпыз. Нақтылап айтсам, Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына табан тірейміз. Мұнда Ибрагим ата, Әбділ Әзіз баб, Қарашаш ана кесенелерімен танысу көзделуде. Содан кейін Отырар, Бәйдібек аудандарын араламақпыз. Түркістан қаласында Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи бабаларымыздың кесенелерін зиярат етіп, көрген-білгендерімізді облыс жастарымен бөлісеміз. Қазір экспедиция барысында бейнеблок жүргізіп, тарату үшін арнайы репортаж жасайтын талантты жастар іздестірілуде. Экспедицияға барғысы келетін жастар біздің орталыққа келіп, өздерінің кандидатураларын ұсынуларына болады. Сапар кезінде орынсыз «сән-салтанатты» шетке ысырып, саяхатымызды ең қолайлы, қаражат аз кететін жолмен аман-есен өткеру мәселелері қарастырылуда. Шамамен 7 мамырда басталатын алғашқы саяхатқа 15 адамды қатыстыруды жоспарлап отырмыз», — дейді БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың маманы Гүлжанат Қаленова.

Жиында жастар белсенділігімен қолға алынған, таяуда іске қосылатын «Елім менің» сайтының жобасы туралы баяндалды. Сонымен қатар «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген 18 кітаптің үшеуі бүгінгі таңда оралдық жастардың қолына тигендігі де сөз болды.

«Мен тақырыбы жағынан өзімнің атқарып жүрген жұмысыма тікелей қатысы бар «Медиа этика: жас мамандардың тәжірибесінен» атты еңбекті қолыма алған екі күннің ішінде 60 шақты бетін оқып шықтым. Кітап қызықты оқылады», — дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының менеджері Зарина Ықсанова.

Ал белсенді жастың бірі - Азамат Мағзом философия  ілімінің ежелгі заманнан бүгінге дейінгі дамуын толық қамтитын, төрт бөлімнен тұратын еңбектің «Антика философиясы» атты кітабының бірінші томын оқуды бастаған. Ол да тұщына оқуда.

Жиын соңында коалиция мүшелері көп кешікпей тағы да бас қосып, күн тәртібіндегі мәселелердің жүзеге асуын пысықтауға уағдаласты.

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0